376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенат төрағасы Ереванда бірқатар кездесу өткізді

  • 303
  • UPD: 09:32, 15.11.2019

Жоғары палата спикері Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Армения президенті Армен Саркисян және Ұлттық жиналыс төрағасы Арарат Мирзоянмен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамыту жолдарын талқыламақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан сенаторлары Армения Ұлттық жиналысы төрағасының шақыруымен Ереванға барды. Мұнда Дариға Назарбаева мен Арарат Мирзоян саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық және халықаралық мәселелерді талқылады.

Арарат Мирзоян, Армения Ұлттық жиналысының төрағасы:

– Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар барлық сала бойынша дамып келе жатқаны қуантады. Ара-қатынасты жақындастыруда парламентаралық ынтымақтастықтың рөлі зор. 

Өз кезегінде Дариға Назарбаева Армения Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы Қазақстанның сенімді әріптесі екенін атап өтті. Сенат төрағасы Қазақстан мен Армения парламенттері арасындағы ынтымақтастық тобының жұмысына ерекше көңіл бөліп, заң шығару жұмысында бұл топтың әлеуетін тиімді қолдану қажеттігін жеткізді. Айта кетер жайт, армян депутаттарының бір тобы биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында болған еді. 

Дариға Назарбаева, Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы:

– Халықтарымыз арасындағы тарихи қатынастарымызды нағыз бауырластық деп батыл айта аламын. Тарихи және мәдени тамырларымыз ортақ. Тіпті армян тілінде қазақшаға ұқсас көп сөзді естимін. Қыпшақ мәдениеті Армения жеріне де жеткен еді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жоғары, қазақстандық өнімдердің Арменияға экспорты Қазақстанға армян өнімдерінің импортынан сәл асып тұр. Жалпы, статистикаға сүйенсек, 2018 жылы тауар айналымы 14 жарым миллион долларға жетті. Бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда едәуір өсті. Алайда мұнымен шектелуге болмайды. Осы қатынастарымызды дамытуда әлеуетіміз зор деп санаймын.

Экономистердің пікірінше, тауар айналымын әлі де арттыруға мүмкіндік жеткілікті. Егер бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асса, көп ұзамай екі елдің өзара әрекеттесуінің экономикалық көрсеткіштері де көтеріле түспек.

Арман Абовян, Армения Ұлттық жиналысының депутаты:

– Армения мен Қазақстан арақатынасын барлық бағытта жан-жақты кеңейтуге ниеттіміз. Бізді қызықтыратын дүниелер көп. Қазақстанның экономикалық дамуының бірегей тәжірибесі, түрлі халықаралық алаңдарда өзара әрекеттесуі және саяси өзгерістер саласындағы теңдесі жоқ тәжірибесі – осының бәрі бізді қызықтырады.

Кездесу нәтижесі бойынша, қос тарап барлық салада Қазақстан мен Армения арасында қарым-қатынастарды ұлғайтуға ниет білдірді. Екі елдің депутаттары парламентаралық әрекеттесуді мемлекетаралық байланыстардың маңызды құралы деп атады. Қазақстан мен Армения ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы секілді ортақ алаңдарда өзара әрекеттесіп, ұлттық заңнамаларын жетілдіру мақсатымен бірлесіп заң үлгілерін әзірлейді. 

Қазақстан Сенатының спикері құрметті қонақтар кітабында өз жазуын қалдырып, Армения Ұлттық жиналыс саябағындағы төрағалар аллеясында ағаш егу шарасына қатысты. Дариға Назарбаеваның айтуынша, бұл көшеттер екі елдің достығының символы іспетті.

Авторы: Лаура Жүсіпбекова.

Хабар 24 телеарнасы