Премьер-министр елордадағы спорт және мәдениет нысандарының салыну барысын тексерді
- 438
- UPD: 13:09, 20.02.2020

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин биыл елорда күніне орай пайдалануға беру көзделген Жеңіл атлетика спорт кешені мен Қазақ драма театрының құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Жеңіл атлетика спорт кешені халықаралық деңгейдегі ҚР-ның спорт инфрақұрылымының басты нысандарының біріне айналады.
Нысан Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшесінің қиылысында 9 га аумақтағы учаскеде салынып жатыр. Кешен 14 жүгіру жолы, ұзындыққа және сырықпен секіруге арналған секторлары бар атлетикалық ядро алаңынан, жолдарының ұзындығы 25 м, ені 11 м бассейннен, екі кіріктірілген жүгіру жолы бар көтергіш платформамен жабдықталған 5х5 м өлшемді бассейннен, 36 орынға шақталған спортшыларға арналған қонақ үйден, атлетикалық залдан, ұзындығы 160 м жүгіру жолы бар жаттығу трегінен, ядро лақтыру, биіктік пен ұзындыққа секіру секторларынан тұрады. Мінбелер 6838 орынға есептелген.
Қазақ драма театрының құрылысы А.Байтұрсынов, Ж.Нәжімеденов, Қ. Аманжолов және Сарыкөл көшелерінің арасындағы 6 га аумақтағы учаскеде жүріп жатыр. Ғимаратта 600 орындық үлкен зал, 200 орындық камералы зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы, гример бөлмесі және басқа да әкімшілік, техникалық, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер бар.
Үкімет басшысы барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысандарды жоспарланған мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Нысандарды аралауға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов және басқалары қатысты.
Ақпарат көзі: ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі