432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенат Люксембургтегі мемлекеттік кәсіпорындарға қосарланған салық салуды болдырмау туралы заң қабылдады

  • 116
  • UPD: 11:44, 01.10.2020
Сенат Люксембургтегі мемлекеттік кәсіпорындарға қосарланған салық салуды болдырмау туралы заң қабылдады Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Сенат депутаттары «2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады, деп хабарлайды Сенат баспасөз қызметі.

Заңға сәйкес 2017 жылдан бастап ШЫҰ-ның екі толық құқылы мүшесі Үндістан мен Пәкістан Ислам Республикасына бірлескен әскери оқу-жаттығуларға қатысуға мүмкіндік беріледі.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда әлем бойынша геосаяси ахуалдың қиындай түскенін көріп отырғанымызды айтты. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Сондықтан тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту – ең маңызды мәселеге айналып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңызы зор екенін жеткізді Сенат төрағасы.

«Біз өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы Ұйым аясында бірлесіп әрекет етуіміз керек. Ынтымақтастықты арттыру арқылы жаңа қауіптерге қарсы тұруда әлеуетімізді күшейтеміз. Бүгін қабылдап отырған заң Шанхай ынтымақтастық ұйымының тиімділігін одан әрі арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ депутаттар «2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған Хаттамамен енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады.

Заң салық салудан дивидендтерді босату мақсатында ел бюджетінің мүдделерін қорғау қажеттілігіне негізделген. Бұл мемлекеттік меншіктегі Люксембургте тіркелген отандық кәсіпорындарға қолданылады.

Сонымен қатар, Сенаттың жалпы отырысында депутаттар бірқатар сауалдар жолдады. Ауыл мектептерінің жұмысын қалпына келтіруді кезең-кезеңімен шешуге байланысты проблемалар депутат Алтынбек Нұхұлының сауалында көтерілді. Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатовтың үндеуі әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне қатысты болды. Ғұмар Дүйсембаев мал шаруашылығын субсидиялау ережелерін өзгерту қажеттілігі туралы сауал дайындады. Депутат Нұрлан Бекназаров көмірсутектер бойынша электрондық аукциондар ұйымдастыру тәртібіне байланысты мәселелерді қозғады. Ал сенатор Дүйсенғазы Мусин елдегі құс тұмауына қатысты жағдай туралы сауал жолдады.

Хабар 24 телеарнасы