421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы кеңейіп келеді

  • 156
  • UPD: 14:38, 23.12.2020

Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы кеңейіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы елдегі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаев Астраханьға ресми сапар шегіп, аймақ губернаторы Игорь Бабушкинмен кездесті. Тараптар шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мен келешек бірлескен жобаларды талқылады. Оның ішінде шекара жанындағы сауда және инвестиция орталығын құру бар.

Дана Нұржан, тілші:

- Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевтің Астрахань облысына сапары Мәңгілік алауға гүлшоғын қоюдан басталды. Кездесуде тараптар шекара маңы ынтымақтастығын, экономикалық және гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамытуды талқылады. Ермек Көшербаев аймақтың індет кезінде көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Астрахань облысы елімізге алғаш болып көмек қолын созған аймақ. Бұл өңір Қазақстанға ауыр сәтте дәрі-дәрмек қана емес, кәсіби мамандарын да жіберді. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Аймақаралық байланысымыз ежелден тығыз, тауар айналымымыз жақсы. Енді бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі дамыту қажет деп ойлаймын.

Астрахань облысының губернаторы болса Қазақстанды өңірдің басты шетелдік әріптесі деп атап, аймақаралық ынтымақтастық түрлі салада дамып келе жатқанына тоқталды.

Игорь Бабушкин, Астрахань облысының губернаторы:

- Екіжақты ынтымақтастық өнеркәсіп, сауда, көлік, логистика мәдениет, туризм, білім салаларында дамып жатыр. Өткен кездесуде өзара ықпалдастық пен өнім көлемін арттыру, Қазақстаннан кеме жасау тапсырыстарын тарту, Астарханьда шекара маңы сауда орталығын құруды талқылаған едік. Осы бағыттағы серіктестікті дамытуға дайынбыз.

Коронавирус екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа әсер етті. Індеттен Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі аймақаралық ынтымақтастық форумы кейінге шегерілді. Ол биылғы қарашада Көкшетауда өтуі тиіс еді. Ал Астраханьдағы басқосу қазіргідей жағдайда да жаңа міндеттерді шешу жолдарын бірлесіп іздеудің маңыздылығын көрсетті. 

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы