389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» футбол клубы биылғы біріншілікті сәтті бастады

  • 414
  • UPD: 23:22, 31.03.2018
«Астана» футбол клубы биылғы біріншілікті сәтті бастады Фото: «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі

Еліміздің төрт дүркін чемпиондары елордалық «Астана» футбол клубы биылғы біріншілікті де сәтті бастады.

Үшінші турда Қызылорданың «Қайсарымен» кездескен алаң иелері алғашқы он бес минутта екі гол соғып, негізгі мәселені үзіліске дейін шешті. Кездесудің сегізінші минутында ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Патрик Твумаси есеп ашты. «Астана» одан кейін де айылын жиған жоқ. Қайта шабуылын ширатып, қонақтардың қорғанысына қысым жасады. Олар ойынның осылай қарқын аларын білмеді ме, әлде әзірше шынымен бабына енбеген бе, он бесінші минутта өрескел қателік жіберді. Орталық қорғаушылардың бірі аяқ астындағы допқа иелік ете алмай, Роман Мұртазаев нәтижені еселеді. Осыдан кейін екі команда да қара терге түсуге ерінгендей болды. «Астана» бар нәтижені қанағат тұтты. «Қайсардың» таразы басын өзіне аударуға шамасы келмеді.

Григорий Бабаян, «Астана» командасының бас бапкері:

– Жиырма минуттың айналасында екі гол соқты да, біздің жігіттер тұрып қалды. Олай ойнауға болмайды. «Қайсар» тегеурінді команда. Рас, жеңіске жеттік. Бірақ екінші таймда шәкірттерім көңілімнен шығатын ойын өрнегін көрсете алмады.

Стойчо Младенов, «Қайсар» командасының бас бапкері:

– Жетпіс минут жақсы ойнадық. Рас, бірінші таймның алғашқы бөлігінде екі гол жібердік. Біріншілік енді басталды. Бар-жоғы үш тур өтті. Шешуші сындар әлі де алда. Мен жігіттеріме сенемін. Алға қойған мақсатқа жетеміз деп ойлаймын.

Хабар 24 телеарнасы