360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау іргесіндегі Жаңаталап ауылында балалар тозығы жеткен спорт ғимаратында дайындалуға мәжбүр

  • 215
  • UPD: 17:41, 24.05.2018

Атырау қаласының іргесіндегі Жаңаталап ауылында балалар тозығы жеткен спорт ғимаратында шеберліктерін шыңдап жатыр.

Кешеннің жағдайы сын көтермесе де, жаттығу бір сәтке тоқтамайды. Спортқа ден қойған ауыл балалары жазда ескі ғимаратты, қыста мейрамхананың екінші қабатын паналап келеді.

Ұстасқанын алып ұрып, қарсы келгенін құлаштай соғып сұлатып жүрген бұл бүлдіршіндер ұлттық ережесіз жекпе-жектің қыр сырына қанығуда. Солардың бірі – 8 жасар Әдемі Дүйсенғалиқызы. Спортық бәсекеге араласа бастағанына 2-ақ жыл болса да, бүлдіршіннің өзіндік жетістіктері бар. Әдемі өткен жылы ел біріншілігінде ережесіз жекпе-жектен құрбыластары арасында екінші орынды жеңіп алған. Талабы да таудай.

Әдемі Дүйсенғалиқызы, жекпе-жектен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері:

Мына жерде менің көп досым бар. Маған спорт өте ұнайды. Өскенде әлем чемпионы болғым келеді.

Сыртқы тұрпаты тым қораш көрінгенімен бұл спорт зал тек балалардың ғана емес, жалпы ауыл жастарының сүйікті орнына айналған. Мұнда кешкілік ересектер де келіп жекпе-жек, бокс, күрес түрлерінен өзара күш сынасады. Бастысы, олардың бос уақыттарын мәнді өткізуге мүмкіндік бар.

Зияда Бақытова, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

– Кілең ұсақ балаларды жинап жатыр дегесін, екі жиен мен бір немеремді алып келгем. Немерем үлкендеу, қаратер, қансорпа болып келеді. Қаңғу, ойнау деген жоқ, интернетті де қарамайды, тек осы спорт залға барады.

Тозығы жеткен ғимаратты бапкер Әнуар Батай ауыл жастарының күшімен жөндеп, қалыпқа келтіргеніне биыл – 2 жыл. Осы аз уақытта жаңаталаптық балғын спортшылар талай облыстық, республикалық сайыстарда топ жарыпты.

Әнуарбек Батай, жаттықтырушы:

Осы балалар мен жасөспірімдер арасында көптеген болашағы бар спортшы көп. Болашақта қазақтың атын шығаратын ұлдарымыз өсіп келе жатыр. Соларға қолдау ретінде үлкен ағаларымыздан көмек керек болып тұр.

10 мыңнан астам тұрғыны бар селолық округте жаңа спорт кешені бар. Бірақ ол көрші ауылда орналасқан. Жаңаталап ауылынан қашық. Оған балалар сабақтан соң барып үлгере алмайды екен. Сол себепті олар жазда осы ескі ғимаратта, қыста көрші мейрамхананың екінші қабатында жаттығып келеді. Ауылдағы спорттың жай-күйін жергілікті билік жақсы хабардар.

Әділтұрақбай Ғұмар, Атырау селолық округінің әкімі:

– Жаңа кешенге қосымша 400 орындық спорт кешенін салуға орын дайындалды. Оның жер құжаттары рәсімдеу жұмыстары аяқталды толығымен. Енді жобалық-сметалық құжаты бітсе, күзде бұл спорт кешенінің құрылысын бастағалы отырмыз.

Биыл Атырау селолық округінде мәдениет үйі пайдалануға берілмек. Жаңа кешенге мәдениетке қарасты барлық мекемелер орналасады деп күтілуде. «Спорт кешенінің құрылысы біткенше балғын спортшылар көне мәдениет үйіне, болмаса ауылдық саз мектебіне қоныстана тұрады», – дейді жергілікті билік басындағылар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы