378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спартакиада өтті

  • 408
  • UPD: 20:42, 27.10.2018

Бүгіннен бастап елімізде бочча деген ойынның федерациясы пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Енді мүмкіндігі шектеулі жандар дәл осы қызықты да күрделі бәсекеде өзара мықтыны анықтап тұрады. Астанада арнайы спартакиада өтті. Сол доданың бағдарламасына енген 10-ға жуық спорт түрінің ішінде осы бочча да бар.

Каратэ, үстел теннисі, арбадағы би. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы қалалық спартакиадаға 200-ден аса адам қатысты. Бұл мүгедек жандардың спортқа деген ерекше ынтасын білдіреді. Әрине, мұның бәрі – соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасы. Мәселен, мына жаңа заманауи кешен Үкіметтің қолдауымен бой көтерді. Ал бүгінгі жарысты ұйымдастыруға «Нұр Отан» партиясы тікелей мұрындық болып отыр.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау, қолдау біздің партияның негізгі басымдықтарының бірі. Елбасымыз өзінің жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыруға байланысты нақты тапсырмалар бергенін білесіздер. Сондықтан Елбасы тапсырмасы аясында біздің партиямыз осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратын болады.

Бұл спартакиаданың басты жаңалығы деп, бочча федерациясы құрылғанын айтуға болады. Біздің ел үшін жаңа спорт түрі. Ал паралимпиадалық ойындардың бағдарламасында 1984 жылдан бері бар. Шыққан жері – Италия.

Сұлтанбек Орынбасаров, Қазақстан бочча федерациясының президенті:

– Қазіргі таңда бізде бірінші чемпионат. Бүлдіршіндер ойнап жатыр. Болашақта ересектерді қамтимыз. Үлкен дәрежеде дамытамыз деген ойдамыз.

Бочча тек паралимпиадалық спорт түрі ғана емес. Қолдың қимылын жетілдіріп, бойды сергіте алатын ем түрі. Сондықтан оны зерттеп, зерделеп, қолданысқа енгізу үшін ерікті топ біраз еңбектенген. Жалпы қала бойынша осындай спорт түрлерімен айналысатын 400-ге жуық мүгедек жан бар екен. Олардың басым бөлігі дәл осы паралимпиадалық жаттығу залында шеберліктерін шыңдайды. Кім біледі, мүмкін дәл осы қатысушылардың арасынан ертең паралимпиадалық ойындардың чемпиондары шығып қалуы да әбден мүмкін.

Авторы: Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы