378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлттық ат спортын дамытуға ерекше ден қою қажет

  • 380
  • UPD: 08:10, 03.02.2019

Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығын және салт аттылар өркениетін сыйға тартты.

Алғаш рет жылқыны қолға үйрету қазақ жерінде бастау алғандығын солтүстіктегі «Ботай» қазбалары дәлелдейді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ел азаматтарын көшпенді халықтың жетістіктерін бағалауға және жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға шақырды.

Қазақстанның ең үздік көкпаршыларының бірі Арслан Қабжанов жылқы десе ішкен асын жерге қояды. Ол үшін ат спорты – баға жетпес құндылық. Бүгінде жеті қазынаның бірі саналатын жылқы денсаулықтың нығаюына ғана септігін тигізбей, айтарлықтай табыс көзіне айналып отыр. Алайда ат спортымен шұғылдану кез келген адамның қолынан келмейді.

Арслан Қабжанов, ұлттық ат спорты түрлері бойынша жаттықтырушы:

- Көкпарға қатысу екінің бірінің қолынан келмейді, ол үшін мықты дайындық әрі күш-жігер қажет. Екіншіден, бұл да талант, жылқыны сүйіп, осы спорт түріне барынша қызығу қажет. Сонымен қатар атты жақсы түсініп, басқара білу керек. Негізі адам өз табиғатына сай жылқы таңдағаны жөн. Себебі, көкпарда бір өзің ғана емес, екеуің біргесіңдер. Егер сіздің атыңыз ойнамаса, онда сіз де нәтижеге қол жеткізбейсіз.

«Ал жылқының сенімін толық иелену үшін кейде бірнеше жыл қажет», – дейді спортшылар. Бүгінде Қазақстанда ат спортының ұлттық түрлері белсенді дамуда. Былтырдың өзінде елімізде 50-ден астам жарыс өтті. Біздің спортшылар аударыспақ және Теңге ілу бойынша Азия чемпионы атанса, көкпар және жамбы атудан әлем чемпиондары атағын жеңіп алды.

Аманжол Хасенов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры:

- Біз олимпиадаға жете аламыз және осы спорт түрлерінен  жеңуге толық мүмкіндігіміз бар. Көршілес Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде ат спорты айтарлықтай дамыған. Онда жылқы сатып алынады, ат зауыттары салынып жатыр, сонымен қатар керемет ипподромдар бой көтеруде. Осылайша жақсы жарыстар өткізуге, мықты спортшылар дайындауға мүмкіндік жасалған. Жалпы, ипподромдар мемлекет иелігінде болуы тиіс. Үкімет тарапы жылқы шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойса жақсы болар еді деп ойлаймын.

Сонымен қатар елімізде шебер ұсталар, мал дәрігерлері және жаттықтырушылар жетіспейді. «Бұл мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру үшін ең алдымен қаржылық жағдай жасалуы керек», – дейді сала өкілдері. Сонымен қатар мамандарды шетелде оқытуға да назар аударған жөн.

Авторлары: Татьяна Ковалева, Адильгазы Толемис

Хабар 24 телеарнасы