378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде киберспортшылар дайындайтын академия ашылады

  • 332
  • UPD: 23:21, 25.02.2019

Осылайша заманауи спорт түрімен кәсіби тұрғыда айналысатын азаматтардың қатарын арттыру көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елордалық Мұрат Жакин қолы қалт еткенде компьютердің алдынан табылады. Виртуалды әлемдегі додаларға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында басталыпты. Жеке өміріне кедергісі жоқ. Жаңа достар тауып, өз алдына мақсат қойғанын айтады. Яғни киберспортты мүмкіндігінше меңгеріп, білмегенін үйренуге құштар.

Мұрат Жақин, әуесқой спортшы:

- Көбіне жұмыстан кейін әріптестермен, кейде достарымызбен жиналамыз. Аптасына бір немесе екі рет. Бұл ойындар өте қызықты. Виртуалды ойындардан бөлек, шахмат және ашық алаңда футбол ойнағанды ұнатамын.

Ал Қаныш Әбікенов – кәсіби киберспортшы. Былтырғы Азия ойындарында киберспорт көрсетілім ретінде таныстырылған болатын. Жоғары деңгейдегі осы жарысқа ол алғаш рет қатысты. Жерлесіміз жүлделі орын иеленбегенімен, 2022 жылғы жазғы ойындарда жоғары нәтиже көрсетуден үмітті. Сол себепті қазір күнделікті  3-4 сағатын дайындыққа арнайды.

Қаныш Әбікенов, кәсіби спортшы:

- Менің арманым – келесі Азия ойындарында жүлде алу. Қазір олимпиадаға да енгізуді талқылап жатыр. Сондықтан менің арманым – елдің намысын қорғау.

Бүгінде көптің киберспортқа деген қызығушылығы артып келеді. Статистикалық деректер бойынша, еліміздегі белсенді ойыншылар саны 1 млн-нан асып жығылады. Ал кәсіби спортшылар қатары 50 адам. Ойыншылардың 74 пайызы 14 пен 34 жас аралығындағы азаматтар.

Сонымен қатар былтыр дүниежүзінде киберспорт жарыстарын 380 млн адам тамашалаған. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 557 млн-ға дейін жетеді деген болжам бар. Ал 2018 жылы киберспорт нарығының қаржылай айналымы 906 млн АҚШ долларға жетті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млрд АҚШ долларына дейін өсетін түрі бар. Сарапшылардың пайымы осындай.

Ғалым Балқанаев, Қазақ киберспорт федерациясының жоба үйлестірушісі:

- Осы 2019 жылдың наурыз айында Қытайда әлемдік үлкен деңгейлі компьтерлік спорттың турнирі өткізіледі, соған біздің ұлттық құрама іріктеу кезеңінен өте сәтті өнер көрсетті. Және қазір Польшада «Мажор» деген жарыс өтіп жатыр. Біздің құрама сонда сәтті өнер көрсетіп жатыр. Соған қарағанда киберспортшыларымыздың әлеуеті өте жоғары деп айтуға болады.

Киберспорт қоғамға дендеп еніп келеді. Бірақ осы тұста көпшілікті, әсіресе ата-аналар қауымын балалардың компьютерлік ойындарға тәуелділігі алаңдатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы виртуалды ойындарға құмар жандарды науқастар тізіміне енгізіп жатқан шақта, киберспортты дамытудың қажеті қанша деген де ой туады. «Осы ретте психологтар әр адам өзінің шама-шарқын байқап, құмарлықты тежей білуі тиіс», – дейді.

Анар Қаражанова, психотерапевт:

- Егер кез келген азамат бүкіл шаруасын жиып тастап, бар ойы мен уақытын виртуалды әлемдегі жарысқа арнаса, бұл аурудың белгісі. Осының кесірінен түрлі жағдайлар орын алады. Ал егер өзіңді ойынға емес, керісінше, үйренуге, дамуға бағыттасаң, кәсіби спортшы ретінде қалыптасуға мүмкіндік зор. Кез келген істің өлшемі болуы тиіс.

Алдағы уақытта елімізде киберспорт академиясын ашу жоспарланып отыр. Осылайша жас спортшыларды білікті мамандар дайындайтын болады. Сонымен қатар заманауи спорт түрінің маңыздылығын көрсету мақсатында ата-аналармен де арнайы жұмыстар жүргізілмек.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы