378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қанат Бейсекеев «Хабар» арнасының қолдауымен қазақ боксшылары жайлы фильм түсірді

  • 133
  • UPD: 22:23, 14.03.2019

Қазақстандық танымал режиссер, көптеген деректі фильмнің авторы Қанат Бейсекеевтің жаңа туындысы жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Хабар» телеарнасымен бірлесіп қолға алған жоба «Қазақ бокс стилі» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, деректі фильм шаршы алаңда атой салған отандастарымыздың өзіндік жұдырықтасу мәнерін айшықтайды.

Бокс әлеміндегі қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің өзіндік өрнегі. Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, бертін келе Бақтияр Артаев, Геннадий Головкин салып кеткен сара жолды жалғаушылар. Деректі фильм қазақ бокс мәнерін әлемге әйгілі ету үшін АҚШ-қа аттанған спортшылар жайлы түсірілген. Басты кейіпкер ретінде 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы әрі Рио олимпидасына қатысушы Жәнібек Әлімханұлы таңдалған.

Қанат Бейсекеев, деректі фильмнің авторы әрі режиссері:

– Біз Жәнібектің кәсіпқой бокстағы дебютін түсірдік деп айтсақ болады. Ол әлемге әйгілі промоутерлік компаниямен келісім жасасты. Одан басқа да отандастырымыз осы ұжыммен бірлесіп жұмыс істеуге кірісті. Жалпы фильмде кәсіпқой бокстың қиыншылықтарын көрсеттік. Және біз түсірген боксшылар Геннадий Головкиннің ізбасарлары екенін жеткізгіміз келді. Болашақта солардың бірі чемпион болады деген үміттеміз.

Фильмде Мадияр Әшкеев, Сағадат Рахманқұл, Асхат Уәлиханов, Мейірім Нұрсұлтанов сынды спортшылардың да АҚШ-тағы өмірі баяндалады. Әр қайсысының арман-мақсаты суреттеледі. Шаршы алаңдағы шалт қимылдары, мығым соққылары, жалпы классикалық жұдырықтасу мәнері картинаның өн-бойында сипатталады. Айта кетейік, туындыны жарыққа шығаруға «Хабар» телеарнасы қолдау көрсетті.

Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар директоры:

– Біз Данияр Елеусінов, Феруза Шарипова сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлын көрсетуге тырысамыз. Оларды қолдаймыз. Жыл бойы өткізіп жатқан жекпе-жектерін эксклюзивті түрде «Хабар» арнасынан көрсетуге тырысамыз. Біз Қанатпен көп сөйлестік. Қандай мағынада көрсетуге болатынын. Ол өзі арнайы АҚШ-қа ұшып, сол боксшылармен сөйлесіп, олардың өмірлерін қазақ бокс стиліне деген көзқарасын танып, телеарнаға деректі фильм ретінде көрсетті.

Деректі фильм «Хабар» арнасынан 16 наурыз күні сағат 22-де көрсетіледі. Бұдан бөлек, отандастарымыздың қатысуымен өтетін бокс кештері де назардан тыс қалмайды. Айталық, осы сенбіде олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы алтыншы кездесуі көрермен назарына ұсынылады. Араға күн салып, арна көрермендері тағы бір отандасымыз Батыр Жүкембаевтың, сондай-ақ Нұрзат Сабыровтың жекпе-жектерін тамашалай алады. Ал 24 наурызда Алматыда Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаев, Садриддин Ахмедовтың қатысуымен өтетін бокс кеші тікелей эфирде көрсетіледі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы