384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдонның негізгі турниріне шыға алмады

  • 146
Қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдонның негізгі турниріне шыға алмады

Әлемнің 111-ракеткасы 20 жастағы Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 140-орында тұрған ресейлік Варвара Флинкпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші партияны ресейлік спортшы өз пайдасына жазды – 6:3. Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:0. Дегенмен В.Флинк брейк жасап, таразы басын теңестірді – 2:2. Есеп 4:4 болған сәтте Е.Рыбакина тағы бір брейкке қол жеткізді – 5:4. Содан кейін өзі доп бергенде, есесін жібермеді – 6:4. Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды – 4:3. Өз геймінде қарсыласының қос бірдей брейк-пойнтты пайдалануына мүмкіндік берген жоқ – 5:3.

Дегенмен доп бергенде, қарсыласы брейк жасап, есепті теңестіріп кетті – 5:5. Теннисшілер брейкпен алмасты – 6:6. Ақыры тағы бір брейк жасаған В.Флинк жеңіске жетті – 8:6. Аса тартысты бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.

Бұдан бұрын Е.Рыбакина биыл алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирі «Ролан Гаррос» жарысының іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, негізгі додаға жолдама алған еді. Бұл жолғы қадамы сәтсіз болды. Осылайша 1-14 шілде аралығында өтетін Уимблдон турнирінде Қазақстаннан жекелей сында Юлия Путинцева мен Зарина Дияс және ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Александр Бублик өнер көрсетеді.

Бұған дейін З.Дияс 2014 және 2015 жылдары Уимблдон жарысының төртінші айналымына дейін жеткен еді. Өткен жылы Юлия Путинцева мен Михаил Кукушкин екінші айналымнан аса алмаса, З.Дияс пен А.Бублик оған қатыспаған еді. Биыл қазақстандық теннисшілер өткен жылғы көрсеткіштерін жақсартса, ұпайлары көбейіп, рейтингте жоғарылай алады.

2018 жылы германиялық Анжелика Кербер чемпион атанса, ерлерден сербиялық Новак Джоковичтің асығы алшысынан түскен еді.

Хабар 24 телеарнасы