384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауылда шыңға өрмелеуден өткен чемпионатқа 200-ге жуық спортшы қатысты

  • 124
  • UPD: 14:39, 08.07.2019

Баянауылда табиғи бедерлі шыңға өрмелеушілер арасында республикалық чемпионат өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Қарағанды және Павлодардан барған 200-ге жуық спортшы қатысты. Жалпы, Баянауыл – спорттық туризмді дамытуға  қолайлы өлке. Жуырда Жасыбай демалыс аймағына жақын маңдағы шатқалға биіктігі 25 -30 метрлік трассалар орнатылған.

Баянауылда туристік маусымның қызған шағы. Экстремалды спорт түрімен айналысатындар далаға шатыр тіккен. Олар асты өздері әзірлейді. Қолдары қалт еткенде ән айтып, уақытты көңілді өткізуге тырысады. Республикалық чемпионатқа  қатысушылардың  жас ерекшеліктері әртүрлі. Биыл кәсіби спортшылардың көмегімен алғаш рет табиғи скалодромдар пайда болды.

Марина Каримова, шыңға өрмелеу спорты жөнінен нұсқаушы:

– Біріншіден, біз алғаш рет Баянауылда тасты қашап, ілмектер орнаттық. Бұл дайын трассалар және осы жерде қалады. Кез келген адам пайдалана алады. Бұл – табиғи скалодром. Бірнеше жерге 8-9 трасса орнатылды. Олардың ұзындығы 10 -15 метрді құрайды. «Жалмауыз кемпір» шатқалында 30 метрлік трасса пайда болды.

Шыңға өрмелеу спортынан чемпионат жыл сайын Бурабайда  бір орында өтеді. Ұйымдастырушылар Баянауылда бірден үш алаң дайындалғанын айтады. Бұл жаттығулар өткізуге  қолайлы. Шыңға өрмелеушілер жарыстың қиын және жылдам түрі бойынша сынға түсті.

Раушан Кенжеахметова, шыңға өрмелеуден спорт шебері, Азия чемпионы:

– Шыңға өрмелеу 2020 жылы Токиода өтетін сайысқа олимпиадалық спорт түрі болып енгізілді. Ал бұл жолғы жарыста мен жылдамдық бойынша екінші орынға ие болдым. Сондай-ақ 2024 жылы Парижде болатын Олимпиада ойындарында жылдамдыққа өрмелеу бөлек спорт түрі ретінде белгіленген. Біздің Қазақстан құрамасының мүмкіндігі зор.

«Шыңға өрмелеудің қиын түрін дамытуға әзірге ресурстар жеткіліксіз», – дейді қатысушылар. Соған қарамастан әлем чемпионаттарында Қазақстан спортшылары алдыңғы орындардан көрініп жүр.

Азамат Есімхан, әлем чемпионатының жүлдегері:

– Баянауылға өзім бірінші рет келіп тұрмын. Бұл жердің шыңдары жақсы екен. Жарыстар өткізуге болады. Алматы бойынша жетістіктер жаман емес, бірнеше орын бар. Бүгін өзім 3-орынға ие болдым жылдамдық түрінен, енді қиындық түрінен қазір финалдамын.

Жарыс өтіп жатқан «Жалмауыз кемпір» шатқалы туристер үшін де таңсық орын. Олар сирек кездесетін қырыққұлақ өсімдігін  көру үшін келеді. Халық арасында шілденің 6-сынан 7-сіне қараған түні осы гүл гүлдейді және оны көрген адам бақытты болады деген сенім қалыптасқан.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы