384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Смайыл Дүйсебай: Универсиадаға Әнұранды шырқатамын деп барғанмын

  • 129
Смайыл Дүйсебай: Универсиадаға Әнұранды шырқатамын деп барғанмын

Неапольда өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында таеквондодан Қазақстан командасының мүшесі Смайыл Дүйсебай күміс жүлде иеленді.

Тәжірибелі спортшы Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, студенттер ойынының атмосферасы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ чемпион атану үшін не жетпей қалғанын да түсіндіріп өтті. 

«Универсиаданың өзіндік атмосферасы бар. Біріншіден, бұл мультиспорттық бәсеке. Бір ғана таеквондошылар командасы емес, тегіс делегация келді мұнда. Екіншіден, мұндай бәсекеде еліңнің абыройы, намысы туралы көп ойланасың. Мен таеквондошылар арасында даянгке ең соңғы болып шықтым. Бұған дейін бізге медаль бұйырмаған еді.

Кездесулерге тоқталып өтер болсам, бірінші жекпе-жекте Қытай спортшысын 21:7 есебімен жеңдім. Дәл осы қытайлық таеквондошы Манчестерде өткен әлем чемпионатында жолымды бөгеген еді. Одан есе қайтарудың реті түсті. Екінші жекпе-жекте египеттік спортшыны жеңсем, жартылай финалда мексикалықтан басым түстім. Ал финалда Оңтүстік Корея спортшысына жол бердім. Ақтық сында тағы да сол соңғы секундтарда есе жіберген жайым бар. Бірінші, екінші раунд пен үшінші кезеңнің соңына дейін есеп 3:3 болатырн. Екеуміз де өз әдісімізден танбадық. Ал кездесу аяқталарда кореялық спортшы басқа әдіске көшті де, мен алдауына түсіп қалдым. Осылайша, 4:7 есебімен жол беріп, күміс медаль алып отырмын. Негізі Универсиадаға алтын аламын, еліміздің Әнұранын шырқатамын деп барғанмын. Бұйырғаны күміс жүлде екен. Енді мұнымен тоқтамай, Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін барымды саламын. Алда Гран-при турнирлері бар», – дейді Дүйсебай Смайыл.

Хабар 24 телеарнасы