385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Вуэльта Испания» гранд-туры шешуші кезеңге жақындады

  • 204
  • UPD: 12:09, 12.09.2019
«Вуэльта Испания» гранд-туры шешуші кезеңге жақындады

Бас жүлдеден бірнеше велошабандоз үмітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында «Астана» капитаны Мигель Анехель Лопес те бар. Алайда колумбиялық спортшының нәтижесі күн сайын төмендеп барады. Қазақстан командасының көшбасшысы кешегі 17-кезеңде де басты қарсыластарынан қалып қойды. Қатты соққан жел жылдамдыққа да әсер етті. Бір күндік демалыстан кейін көпкүндікті жалғастырған велоспортшылар 219 шақырымдық жолда сынға түсті. Жарыстың басында 47 спортшы шабуылға шығып, қалың топтан ұзап кетті. Мәреге 500 метр қалғанда Филипп Жильбер қарсыластарын қапы қалдырып, кезең жеңімпазы атанды. Бельгиялық спортшы биылғы «Вуэльтада» екінші рет топ жарды. Мигель Анхель Лопес 28-ші болып жарысты аяқтады. Жалпы есепте словениялық Примож Роглич «қызыл жейдені» ешкімге берер емес. Екінші орынға Наиро Кинтана көтерілді. «Астана» капитаны көшбасшыдан 4 минут 9 секунд қалып, бесінші орынға жайғасты. Бүгін «Вуэльтада» велоспортшылары 177 шақырымдық таулы кезең күтіп тұр.

 

«Барыс» Хабаровскінің «Амурын» 3:1 есебімен жеңді

«Барыс» кеше Хабаровскінің «Амурымен» айдынға шығып, 3:1 есебімен басым түсті. Елорда командасы сапынан Роман Старченко, Эрик Тангрэйди және Никита Михайлис мергендік танытты. Андрей Скабелка шәкірттері құрлықтық хоккей лигасындағы келесі ойынын ертең өткізеді. Владивостокта «Барыс» «Адмиралмен» кездеседі.

 

Кәсіпқой бокс: Тайсон ФьюриОтто Валлин жекпе-жегі

Алдағы сенбінің кешінде кәсіпқой бокс жанкүйерлерін бірнеше жекпе-жектер күтіп тұр. Шаршы алаңда ғана емес, былайғы өмірде де әпеді қылығымен танылған Тайсон Фьюри де кезекті сайысын өткізеді. Аса ауыр салмақтағы британиялық боксшы Лас-Вегаста швециядық Отто Валлинмен жұдырықтасады. Фьюри кәсіби рингте 28 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана тең түскен. «Сыған патшасы» деген лақап аты бар былғары қолғап шебері былтыр әлем чемпионы Деонтей Уайлдердің өзін састырып, жекпе-жек тең аяқталған болатын. Ал, 28 жастағы Отто Валлиннің анау айтқандай атақ-даңқы жоқ. Бірақ швед жігіті бұған дейін өткізген 20 кездесуінің барлығында жеңіске жетіпті.

 

Алматы баскетболшылары топ жарды

Алматыда баскетболдан жасөспірімдердің күзгі біріншілігі аяқталды. Қыздар арасында 5 команда бақ сынға түсіп, бас жүлде елорда командасына бұйырды. Павлодар қыздары күміс жүлдені қанағат тұтты. Жігіттер арасында 11 команда өзара шеберлік байқасты. Алдымен қола медаль үшін Түркістан мен Қарағанды баскетболшылары алаңға шыққан еді. Екі команданың жолы топтық кезеңде де түйіскен. Сол кезде кеншілер қаласының ойыншылары басымдылық байқатса, бұл жолы Түркістанның тасы өрге домалады. Тартысты өткен ойында Қазыбек Серікбай, Тәңірберген Дархан және Шыңғыс Байниязов пен Дінмұхамед Үмбетовтер жақсы ойын үлгісін көрсетіп, ел біріншілігінің қола жүлдесін ұтып алды. Финалда Алматы клубы Қызылорданы 87:49 есебімен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Медет Катешов, Түркістан командасының жаттықтырушысы:

- Қарағанды ақпанда өткен чемпионатта Қазақстанда бірді алған. Чемпион Қазақстан болған біз соны жалпы үшінші орында жеңдік. Қазір Түркістан облысында жоғарғы лига ашылып жатыр. «Тұран» деген қыздар командасы ашылды. Енді жігіттердің командасы ашылады. Соларды дайындаймыз енді.

Хабар 24 телеарнасы