388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Футзалдан УЕФА чемпиондар лигасының элиталық кезеңінде Қазақстанның екі командасы ойнайды

  • 238
  • UPD: 10:26, 14.10.2019
Футзалдан УЕФА чемпиондар лигасының элиталық кезеңінде Қазақстанның екі командасы ойнайды

Футзалдан УЕФА чемпиондар лигасының элиталық кезеңінде еліміздің екі командасы ойнайды. Биыл «Қайраттың» қатарына «Аят» қосылды.

Рудный клубы негізгі іріктеу кезеңінде үшінші орын алып, алғаш рет шешуші сынға жолдама алды. «Қайрат» та іріктеу кезеңінен әрең өтті. Ресейдің КПРФ клубынан жеңіліп қалған Алматылықтар сосын Испанияның «Эл-Посо» командасына есе жіберді. «Қайрат» соңғы турда Венгрияның "Береттьоуйфалу" командасынан 3:0 есебімен басым түсіп, элиталық кезеңге шықты. Шешуші сынның жеребесі 18-ші қазанда тартылады. 

Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі аясында азулы Бельгияны қабылдап, 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Роберто Мартинес шәкірттері құрлық чемпионатына күні бұрын жолдама алып қойған болатын. Өткен турда Сан-Марино қақпасына жауапсыз тоғыз доп соққан қонақтар "Астана-аренада" аса белсенділік танытпады. Матчтың 21-минутында Миши Батшуаи есеп ашты. Қазақстан футболшылары қарымта қайтаруға тырысты. Алайда отандық ойыншылардың қауқары да шеберлігі де кемшін түсіп жатты. Михал Билектен тәлім алатын ұлттық құрама үзілістен кейін де әдеттегі қалпына түсті. Ойынға тыңнан қосылған жігіттер де көзге түсе қойған жоқ. 53-минутта Тома Менье екінші допты соғып, Бельгияның мысы басым екенін дәлелдеді. Қазақстандық футболшылар қақпашы Тибо Куртуаны аса мазалай қоймады. Қатарынан екі кезедсуде жеңіліп қалған ұлттық құрама турнир кестесінде бесінші орынға сырғыды. Бұл топта Бельгия мен Ресей келер жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алды. Үшінші орынға Кипр жайғасса, Шотландия тоғыз ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Қазақстанның еншісінде жеті ұпай бар. Біздің құрама келесі ойынын сырт алаңда Сан-Мариномен өткізеді. Матч 16 қарашаға жоспарланған. Араға үш күн салып жерлестеріміз Шотландияға қонаққа барады.   

Роберто Мартинес, Бельгия ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Қазақстан құрамасындағы ойыншылардың ішінен Исламхан мен Жуковты ерекше атап өтер едім. Олардың техникасы жақсы екен. Қорғаныстарыңыз да жаман болған жоқ. Тек Кипр мен Ресейге қарсы өткізген ойындарда сіздерге сәттілік жолдас болмады. Жалпы, жанкүйерлер де керемет қолдау көрсетті. Ал, біздің жігіттер жайлы айтсам, сырт алаңда жеңіске жеткенімізге қуаныштымын.    

Македониядан 2:0 есебімен басым түскен Польша құрамасы да Еуропа чемпионатына жолдама алды. Бүгін құрлық біріншілігіне Франция да шығуы мүмкін. Алайда Дидье Дешам шәкірттеріне Түркияны жеңу керек. Дәл қазір екі құраманың да 18 ұпайы бар. Қосымша көрсеткіштермен түріктер бірінші орында тұр. Бұл топта жолдамадан Исландияның да үміті бар. Олардың еншісінде 12 ұпай. Франция - Түкрия арасындағы матч қарсаңында саяси әңгімелер көп айтылды. Алайда екі құраманың бас бапкерлері мен футболшылары тек жасыл алаңдағы кездесуге назар аударатындарын мәлімдеді. «Стад де Франс» стадионындағы ойынды тамашалауға 30 мың түрік жанкүйері келеді. Франция сапында Килиан Мбаппе, Пол Погба және қақпашы Уго Льорис алаңға шықпайды. Түріктер Эмре Белозоғлуға сенім арта алмайды.

Хабар 24 телеарнасы