429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХЛ: «Барыс» «Автомобилист» командасын 3:2 есебімен ұтты

  • 419
  • UPD: 11:58, 20.11.2019
ҚХЛ: «Барыс» «Автомобилист» командасын 3:2 есебімен ұтты vesti.kz

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Екатеринбургтің «Автомобилистін» тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елорда командасының бұрынғы ойыншысы Найджел Доус бастаған жігіттер жеңіске жетуге тырысты. Алайда «Барыс» азу көрсетіп, овертаймда басым түсті. 10-минутта Питер Холланд есеп ашып, «Автомобилисті» алға жетелеген еді. Андрей Скабелка шәкірттері екінші айналымда таразы басын теңестірді. Дмитрий Шевченко 29-минутта қарымта шайбаны соқты. Екатеринбург командасы үшінші кезеңде тағы алға шықты. Бұл жолы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Найджел Доус белсеніп, бұрынғы командасының қақпасынан саңлау тапты. 42-минутта Линус Виделл нәтижелі жауап қатып, кездесуді овертаймға жеткізді. Қосымша уақытта Даррен Диц мергендік танытып, «Барысқа» жеңіс сыйлады. Елордалықтар келесі ойынын 22 қарашада «Ақ Барыспен» өткізеді.

 

Еуро-2020: Шотландия Қазақстан 3:1

Еуропа алаңдарында келер жылғы құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алған 20 құрама анықталды. Енді қалған төрт жолдама Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде сарапқа салынады. Еуропа чемпионатынан әлдеқашан күдер үзген Қазақстан соңғы ойынын Глазгода Шотландиямен өткізді. Британия аралының футболшылары «Астана Аренада» біздің жігіттерден 0:3 есебімен жеңіліп қалғаны белгілі. Бұл жолы шотландия қарымта қайтарып, іріктеу турнирін үшінші орынмен аяқтады. Матч Қазақстан үшін сәтті басталды. 34-минутта Бақтиер Зайнутдинов есеп ашты. Шотландия үзілістен кейін таразы басын теңестірді. 48-минутта Джон Макгинн айып добын әдемі тепті. Сосын Стивен Нейсмит белсеніп, алаң иелерін алға жетеледі. Кездесуге Макгинн нүкте қойды. Қорытынды есеп – 3:1. Шотландия іріктеу кезеңінде 15 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Бұл топта Бельгия мен Ресей Еуропа чемпионатына жолдама алды. Кипр құрамасы төртінші орында қалды. Қазақстан Сан-Мариноны артқа тастап, бесінші орынды қанағат қылды.

 

Дэвис кубогы: Қазақстан – Нидерланды 2:1

Қазақстан теннисшілері Дэвис кубогын жеңіспен бастады.

Диас Досқараев жігіттері топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Нидерландымен өткізіп, 2:1 есебімен басым түсті. Алдымен Михаил Кукушкин Ботик ван де Зандшульппен кортқа шығып, 6:2, 6:2 нәтижесімен жеңіске жетті. Сосын Нидерланды сапынан Робин Хас таразы басын теңестірді. Ол Александр Бубликтің осал тұсын тапты. Есеп: 7:5, 3:6, 7:6. Жеңімпаз команда жұптық сында анықталды. Кукушкин – Бублик жұбы Жан-Жюльен Ройер мен Робин Хастан айласын асырып, командасына маңызды ұпайын сыйлады. Жұптық сындағы кездесу 6:4, 7:6 есебімен аяқталды. Қазақстан теннисшілері ертең Ұлыбританиямен ойнайды. Энди Маррей бастаған команда бүгін Нидерландымен сынға түседі. 

Испания астанасы Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогына Рафаэль Надаль бастаған жарыс қожайындары да араласты. Әлемнің бірінші ракеткасы Ресейлік Карен Хачановтан басым түсті. Жекелей сындағы алғашқы ойында Андрей Рублев Роберто Баутиста-Агутты жеңген еді. Жұптық сындағы шешуші кездесуде Испания теннисшілері басымдық байқатты. Марсель Гранольерс пен Фелисиано Лопес Хачанов – Рублев жұбынан айласын асырды. Аргентина командасы Чилиден 3:0 есебімен басым түссе, Франция Жапонияны жеңді. Канада АҚШ командасының осал тұсын тапты. Австралия Колумбияны ұтты. Есеп: 3:0.

 

Хабар 24 телеарнасы