419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Кhabar Сup-2019» бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды

  • 533
  • UPD: 12:26, 13.12.2019

Тәуелсіздік күніне орай елордада бильярдтан Кhabar Сup-2019 турнирі өтті. Республикалық сайысқа БАҚ саласының қызметкерлері мен ақпарат айдынының ардагерлері қатысып, жарыс көрігін қыздырды.

Биылғы додада есімі елге таныс 24 айтулы қаламгер мен тілшілер, ғалымдар мен өнер өкілдері сынға түсті. Тастаяққа әбден төселгендер арасында журналист атаулының ұстазы, профессор Намазалы Омашев, қазақ көсемсөзінің сардарлары Несіп Жүнісбаев пен Қайнар Олжай, «Хабар» кубогінің иегерлері атанған Сәдібек Түгел, Нұрділдә Ораз, Әлімжан Сабыржанұлы секілді сақа ойыншылар өз шеберліктерін паш етті. Талай жарыста жүлде алған Арман Сқабылұлы мен Асыл Сағымбеков те талайға дейін ешкімге дес бермеді. Қас қарайғанша жарысқан үміткерлер арасынан суырылып шыққандар төртеу еді. Бас жүлде күтпеген жерден «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Мақсұт Ержановқа бұйырды. Екінші орынды журналист, ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз жеңіп алса, «Орда ФМ» радиосының директоры Ержан Жүніс үшінші орыннан көрінді.  

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары: 

- Басты мақсатымыз журналистердің қалам, микрофон ұстаған азаматтардың жұмыстан тыс бейресми жағдайда кездесіп, шүйіркелесуі, шығармашылықтағы жаңалықтармен бөлісіп, тәжірибе алмасуы. Осы тұрғыдан алғанда бұл турнир пайдалы деп білеміз. 

Қайрат Сақ, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

- Ойын бір жағынан өнер, бір жағынан спорт, бұндай үлкен додалар журналистердің шығармашылығын арттырса, екінші жағынан олардың арасындағы бірлікке дәнекер, достықтарына дәнекер болып жатыр. Сондықтан биылғы жиынға да журналистер қауымы жыл бойы дайындалып, үлкен үмітпен келіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы