430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғары хоккей лигасы: «СКА-Нева» – «Сарыарқа» 2:0

  • 649
  • UPD: 14:57, 24.02.2020
Жоғары хоккей лигасы: «СКА-Нева» – «Сарыарқа» 2:0 sports.kz

Қазақстан еркін күрес шеберлері Азия чемпионатында алты медаль ұтып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үндістан астанасындағы біріншілікте Данияр Қайсанов пен Юсуп Батырмұрзаев топ жарды. Ұлттық құрама еншісінде тағы төрт қола жүлде бар. Жалпы командалық есепте Қазақстан үшінші орынға табан тіреді. Спорт әлеміндегі өзге де жаңалықтар алдағы топтамада.

Жоғарғы хоккей лигасында плей-офф ойындары басталды. «Сарыарқа» алғашқы кездесуін Санкт-Петербургте «СКА-Нева» командасымен өткізіп, 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші кезеңде қарсыластар қақпа кілтін таба алмады. Үзілістен кейін «СКА-Нева» хоккейшілері есеп ашты. 29-минутта Василий Глотов мергендік танытты. Айдын иелері үшінші кезеңде екінші шайбаларын соғып, плей-офф сериясын жеңіспен бастады. Владислав Курбатов матчқа нүкте қойды. Бүгін Санкт-Петербургте екінші матч өтеді. Сосын командалар Қарағандыда айдынға шығады. Ал, Өскеменнің «Торпедосы» Мәскеудің «Звездасынан» ұтылды. Сырт айдындағы екі ойын ресейліктердің пайдасына аяқталды. Енді қарсыластар Өскеменде кездеседі. Ойындар 26-27 ақпанда кездеседі.

 

Теннисші жігіттер Дубай турниріне жиналды

Дубайға қыздардан кейін теннисші жігіттер жиналды. Бүгін ерлер арасындағы турнир басталады. Алайда мықтылар қатарында Роджер Федерер жоқ. Швейцариялық теннисші өткен аптада тізесіндегі жарақаты толық жазылмағанын мәлімдеп, топырақ корттағы жарыстарға қатыспайтынын хабарлаған болатын. Федерердің мәлімдемесі өзге жігіттер үшін күтпеген мәлімдеме болды. Әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович те Роджердің шешіміне қатысты пікір білдіріп, швейцариялық спортшыға қолдау көрсетті. Сербиялық теннисші Дубай турнирінде топ жаруға тырысады. Джокович араға үш жыл салып, жекелей және жұптық сында ойнайды. Биыл Новак маусымды сәтті бастап, Австралия ашық біріншілігінде жеңіске жетті. Енді ол үлкен шлем жарыстарындағы жүлде саны жөнінен Роджер Федерерді қуып жетуді көздейді. Қазір швейцариялық теннисшінің еншісінде 20 жүлде бар. Ал Джокович 17 мәрте үлкен шлем турнирлерінде жеңіске жетті.  

 

Тайсон Фьюри Уайлдермен қарымта жекпе-жек өткізуге дайын

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақтағы су жаңа әлем чемпионы Тайсон Фьюри Деонтей Уайлдерге тағы бір мүмкіндік беруге әзір екенін мәлімдеді. Британиялық боксшы сенбінің кешінде Лас-Вегас қаласында америкалық қарсыласынан басым түсіп, WBC тұжырымы бойынша алтын белбеуге қол жеткізген болатын. Екі мықты арасындағы қарымта сайыс жетінші раундта аяқталды. Уайлдердің жаттықтырушылары екі нокдауннан кейін ақ орамал тастап, жеңілгендерін мойындады. Фьюри қарсыласын үшінші және бесінші раундта есеңгіретіп алған еді. Жекпе-жектен кейін Тайсон өз жоспарын ортаға салды. Британиялық боксшы бапкер ауыстырғанын соның арқасында жеңіске жеткенін мәлімдеді. «Жеті апта бұрын жаттығуға кірістік. Дайындық барысында әдіс-тәсілдерімді өзгерттік. Соның нәтижесін көріп отырсыздар», - дейді Фьюри. Ол Уайлдерге тағы бір мүмкіндік беруге әзір екенін де тілге тиек етті. Тіпті ауыр салмақтағы өзге тұжырымдар бойынша әлем чемпионы саналатын отандасы Энтони Джошуамен де шаршы алаңға шығуды теріс көрмейді.

Хабар 24 телеарнасы