447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Неміс футболшылары коронавируспен күреске 2,5 млн еуро бөлді

  • 121
  • UPD: 13:37, 19.03.2020
Неміс футболшылары коронавируспен күреске 2,5 млн еуро бөлді ria.ru

Германия ұлттық құрамасының футболшылары коронавирус індетімен күреске 2,5 млн еуро бөлді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мұндай қиын сәтті қоғамнан сырт қалмай бір-бірімізге шамамыз келгенше қол ұшын созуымыз керек», - дейді неміс футболшылары. Қазір Германиядағы барлық футбол турнирлері 2 сәуірге дейін тоқтап тұр. Мамандар қаржылық шығын көлемі өте көп болатынын мәлімдеді. Неміс футбол федерациясын ақша емес, адамдардың жұмыссыз қалғаны алаңдатады. Себебі 250 мың жұмыс орны жабылудың алдында тұр. Бундеслига соңғы он жылдан бері әлемдегі ең табысты лига саналады. Жоғарғы лиганың клубтары биыл 4,5 млрд долларды өзара бөлісуі тиіс. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Фритц Келлер, Германия футбол федерациясының президенті:

- Ең бастысы – еліміздегі 25 мың клубты сақтап қалуымыз керек. Аймақтардан бастап Бундеслигаға дейінгі командалардың тағдыры қиын жағдайда қалды. Біз жеті млн адамы бар үлкен отбасымыз. Неміс футболында 250 мың адам тұрақты жұмыс істейтінін де естен шығармау керек. Осы жүйені сақтап қалу мақсатында біз бірігеміз. Аймақтық және мемлекеттік деңгейде қаржылық қолдау болады деп сенеміз.

 

«Ролан Гаррос» турнирі қыркүйек айына шегерілді

Франция теннис федерациясы биылғы «Ролан Гаррос» турнирін күзге шегерді. Құмды корттағы «үлкен шлем» жарысы 20 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Коронавирустың кең етек жаюына байланысты кәсіби теннисшілер қауымдастығы да күнтізбедегі барлық турнирлерін тоқтатты. Теннис жарыстары 8 маусымға дейін шегерілді. Сондықтан биылғы грунты корттағы турнирлер уақытында өтпейді. Атап айтқанда, Мадрид, Рим, Страсбург, Рабат жарыстары болмайды. Мюнхен, Эшторил, Женева және Лиондағы теннис сайыстарының де кестесі өзгереді. Теннисші қыз-жігіттердің әлемдік рейтингтері де шектеледі. Жалпы әлем бойынша 29 спортшы коронавирус жұқтырған деген мәлімет бар. Олардың басым бөлігі футболшылар.

Хабар 24 телеарнасы