420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысының Қарабұлақ кентінде жаңа спорт кешені ашылды

  • 153
  • UPD: 22:14, 25.12.2020

Алматы облысының Ескелді ауданы Қарабұлақ кентінде жаңа спорт кешені ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 мың 300 шаршы метрлік орталықта жасөспірімдердің жаттығуымен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Заманауи нысан Президент жолдауындағы бұқаралық спортты дамыту тапсырмасы аясында салынып, ел игілігіне берілді.

Жаңа спорт кешенде бір мезетте жүзден аса жасөспірім жаттыға алады. Ғимараттың ашылғанына өзгелерден бұрын осы ауыл балалары қуанып жүр. Енді олар бұрыңғыдай мектептерде емес, заманауи үлгідегі үлкен орталықта шынығады.

Әнуар Сәдуақас, оқушы:

– Бұрынғы спорт кешені ескілеу болатын. Мына жер кең, жаттығу жасайытын жер де бар. Осы спорт кешенінде жаттығып, үлкен жарыстарда ұтуға тырысамыз.

Ғимаратта бокс пен күрес түрлеріне және командалық ойындарға арналған әмбебап зал бар. Сонымен қатар спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, жуынатын, тынығатын орындар қарастырылған. Байрақты бәсекелерден бөлек, алқалы жиын өткізіп, мәжіліс құруға болады.      

Мәулен Мамыров, Атланта олимпиадасының қола жүлдегері:

– Спорт залдары балаларға арналып салынған. Стандартқа сай. Біздің кезімізде мұндай жағдай болмаған. Тапшылық болған. Соның өзінде қанша әлем, олимпиада чемпиондары шықты.

Кешеннің ашылуымен 20 жаттықтырушы жұмысқа алынады. Соның есебінен аудан орталығында тұрақты түрде спортпен шұғылданатын жасөспірімдер саны мыңнан екі есеге артпақ. Күндіз оқушылар жаттықса, кешқұрым үлкендер де бой жазады. Бұл облыста ашылған осындай оныншы нысан. 

Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Президентіміздің жолдауында айтылғандай, өңірлердегі дене шынықтыру, спорт кешендерін салу және бұқаралық спортты дамыту сияқты жолдауда айтылған тапсырмалар Алматы облысында өте қарқынды орындалып жатыр деп айтуға болады. Келесі жылы бізде тағы да осындай 6 дене шынықтыру сауықтыру кешені және жетінші үлкен олимпиадалық стандартқа сай Талдықорған қаламызда орталық жүзу бассейні қолданысқа беріледі деп отыр.

«Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен облыстағы аудан орталықтарында ғана емес, енді ірі ауылдарда да бұқаралық спортты дамыту жоспарланған. Осы мақсатта халық тығыз қоныстанған елді мекендерде де кіші спорт кешендерін салу қолға алынбақ. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы