423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда Креативті индустрияны қолдау қорын құрылуы мүмкін

  • 146
  • UPD: 11:37, 02.09.2021
Қазақстанда Креативті индустрияны қолдау қорын құрылуы мүмкін primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық реформаларды іске асыру жөніндегі негізгі шаралар туралы баяндама жасады.

Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды.

«Барлығы 70-ке жуық тапсырма берілді. 6 заң қабылдау қажет. Бұл – стресті активтерді экономикалық айналымға қайтару, жеке қосалқы шаруашылықтар, агломерацияларды дамыту, ғылымды дамыту және, кәсіби біліктілік туралы Заңдарға сондай-ақ Салық және Бюджет кодекстеріне өзгерістер енгізу. Үш тұжырымдама бекіту қажет. Бұл – мемлекет қаржысын басқару, көші-қон саясаты, сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамалары», – деді Ә.Ерғалиев.

Әрбір өңір үшін Инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленетін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі негізгі 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізетін болады.

Мемлекеттік қаржыны басқару;

Инфляцияға қарсы әрекет ету;

Кәсіпкерлікті дамыту;

Өңірлердің теңгерімді дамуы.

Мемлекеттік қаржыны басқару

«Мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленетін болады. Тұжырымдама бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтитын болады», – деді ұлттық экономика министрі.

Бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блоктық» бюджетті және жаңа бюджеттік қағидаларды, сондай-ақ бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін енгізу көзделеді. Жан басына қарай қаржыландыру тетігін қолдану кеңейтілетін болады. 

Микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілетін болады. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34%-тен 25%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені

Тұтыну тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленетін болады. Нарықты отандық өндірістің тұтыну тауарларымен толықтыруға бағытталған жедел және орта мерзімді шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ ақша-кредит саясаты мен қаржы нарығын реттеу шаралары көзделген.

Кәсіпкерлікті дамыту

Шағын және орта кәсіпкерлікті тиімді дамыту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыру 2022 жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Жалпы алғанда, қаржыландыру көлемі кемінде 1 трлн теңгені құрайды.

Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін «ұтымды» шаралар әзірленеді. Реттелетін сатып алу шеңберінде жеңілдіктер, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға басым қолжетімділік көзделетін болады.

Өңірлердің теңгерімді дамуы

Еліміздің әрбір өңірінің бәсекелестік артықшылықтарын айқындайтын шараларды қамтитын өңірлік дамудың жаңа тәсілдері әзірленеді. Ол үшін «Агломерацияларды дамыту туралы» Заң әзірленетін болады. Оның шеңберінде орталық қала мен шеткері аймақ арасында функцияларды нақты бөлу жолымен институционалдық дамыту көзделеді. Бюджет дербестігі кеңейтіліп, бірыңғай қала құрылысы агломерацияларын жоспарлау енгізіледі.

Аумақтық даму жоспарында «Адамдарды – инфрақұрылымға» жақындату қағидаты бекітілетін болады. Бұл қағидат болашағы бар ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамытуды көздейді.

«Бұдан басқа бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес Өңірлерді дамыту жоспарларын жаңарту көзделіп отыр. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген әрбір тапсырмасын жан-жақты әрі жедел орындайтын болады», – деп түйіндеді Әсет Ерғалиев.

Жолдауды тиімді іске асыру үшін министрліктің жұмысы мынадай қағидаттарда жүргізіледі: бұл жобалық тәсілді қолдану, процестерде бюрократияны барынша азайту және нәтижеге ұмтылу.

Хабар 24 телеарнасы