Предупреждение
  • JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 106
375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Елбасы: Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр

  • 565
  • UPD: 15:43, 06.02.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа бірқатар елдің жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды.

Рәсімге қатысқандардың арасында Вьетнам, Хорватия, Чехия, Жапония және Тәжікстан елдерінің дипломаттары бар. Енді бұл мемлекеттермен арақатынас жаңаша серпін алуы тиіс. Себебі, елшілер ең алдымен тауар айналымын арттыруға басымдық беріп отыр.

Президентке сенім грамоталарын тапсыру – халықаралық дипломатиядағы маңызды оқиғалардың бірі. Бұл рәсім елдер арасындағы қарым-қатынасты жаңа бағытта өрбітеді. «Елдестірмек елшіден» деген сөз тіркесінің осындайда айтылуы бекер емес. Бұл жолы Ақордаға бес мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшілері келді. Вьетнам, Хорватия, Чехия, Жапония және Тәжікстан. Әрқайсысымен қазақ елінің алыс-берісі бар. Тарихи тамырластық та тереңде жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елшілердің дипломатиялық миссиясы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келгенін айтты. Президент әсіресе биыл елімізде Жастар жылы бастау алып, кіші буын өкілдеріне сапалы білім беру, жұмыспен және баспанамен қамту сынды мәселелерді шешуге басымдық берілгенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің қызметтеріңіз Қазақстандағы маңызды реформалардың жүзеге асырылу кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Біз 2050 жылға арналған бағдарламамызды орындау үшін қазір жаппай жұмыс істеп жатырмыз. Біз тұңғыш тәуелсіз ел болдық. Енді біздің мақсатымыз – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Қазақстанның келешегі заманауи технологияны жете меңгерген өскелең ұрпақтың қолында. Біз сауатты, бүгінгі заманға сай ұрпақ тәрбиеледік. Осындай жас буын өкілдерін қолдау мақсатымен биылғы жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Бұл бастаманың аясында оларды сапалы біліммен, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Сонымен қатар жастардың бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына жол ашамыз.

Қазақстан шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға қашанда мүдделі. Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қолға алынған жобалар көп. Президент осы жайтты ерекше атап өтті. Сондай-ақ еліміздің халықаралық аренадағы белсенді ұстанымдарына тоқталды. Мұндағы мақсат – жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді шешуге ықпал ету. Елбасының айтуынша, біздің ел тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға әрі кез келген кикілжіңді келелі келіссөз арқылы шешуге мүдделі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық қатынастар саласында әлемдік жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырағаны баршаңызға мәлім. Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткен жөн. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермеу үшін, алдын алу үшін атсалысуы қажет. Бұл біздің бүкіл адамзат алдындағы тарихи жауапкершілігіміз болып саналады. Қазақстан әлемдегі татулық пен бірлікті сақтауға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындап отыр. Биыл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақ өткеніне 70 жыл толады. Біз бұл атаулы датаға ерекше мән береміз.

Елдер арасындағы тиімді әріптестік жалғаса береді. Дипломаттардың негізгі мақсат-мүддесі осы. Алыс-беріс артып, барыс-келіс көбейген сайын тараптарға тиер пайда да молая түспек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Азамат Сәметов, ПТКК

Телеканал Хабар 24