378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


«Астана Опера» театры Кремль сарайында өнер көрсетті

  • 209
  • UPD: 23:26, 20.04.2019

Кремль сарайындағы аншлаг! «Астана Опера» театрының балет тобы Мәскеуде өнер көрсетіп, Ресейдің басты сахнасында тұңғыш рет көрермен назарына «Шахерезада» балетін ұсынды.

 Кремль сарайына «Астана опера» театрының балет тобы Ресейдің халық әртісі Андрис Лиепаның шақыруымен барған. Ұжым жыл сайын өтетін «Қолтаңбалар мен бейнелер» атты авторлық жобасының аясында өнер көрсетті. Биылғы шара аты аңызға айналған орыс балетінің жұлдызы Вацлав Нижинскийдің 130 жылдығына арналды. Гала-концертке Үлкен театрдың, Мариин, Венгрия және «Ковент-Гарден» театрларының және Вашингтон Балетінің солистері қатысты. Кештің басты шығармасы қазақстандық ұжым көрсеткен «Шахеразада» қойылымы болды. Оған гала-концерттің бағдарламасында бөлек бір бөлім арналған. 

Андрис Лиепа, РФ Халық артисі: 

- Қазақстандық достарымыз, әрине ең алдымен Алтынай Асылмұратова мен «Астана Опера» дирекциясының арқасында толыққанды спектакль әкелдік. Декорациялары, киімдері мен бүкіл артистерімен бірге. Бұл үлкен абырой, өйткені осы сахнада ұлы шеберлер Майя Плисецкая, Марис Лиепа, Владимир Васильев билеген еді.

Алтын құл партиясын театрдың жетекші солисі Бахтияр Адамжан, ал шығыс аруы - Зүбейданың партиясын Анастасия Заклинская орындады. Осы қойылымды тамашалауға 6 мыңдай көрермен келген.  Олардың арасында балет жанкүйерлері, театр сыншылары мен өнерсүйгіш қауым бар.  

Александер Фирер, «Музыка тынысы» журналының театр сыншысы:

- Бүгінгі кештен керемет әсер алдым. Труппаның дайындығы тамаша, солистері таңқалдырады. Адамжан әлемдік деңгейдегі әртіс. Заклинскаяны алғаш рет көріп тұрмын, өнеріне тәнті болдым. Өте сүйкімді, қимылы да ширақ.  

Александр Макагонов, көрермен:

- Қазақстандық ұжымға келетін болсақ, олардың орны бөлек. Біріншіден, шыққан тегіне байланысты олар «Шахерезада» ертегісінің кейіпкерлеріне өте ұқсас. Екіншіден осыдан 100 жыл бұрын осы балетті шығарған қоюшылардың ойларын нақты түрде көрсеткен.

«Шахерезада» балеті жақында ғана Астана Опера сахнасында жаңа тыныс алған болатын. Режиссер Андрис Лиепа қойылымды өзінше өңдеп, бүгінде Мәскеудің талғампаз көрермендерін баурап алды.

Авторы: Малика Назарова

Телеканал Хабар 24