384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының жәрмеңкелері өтіп жатыр

  • 538

Өңірлер Астанада апта сайын молшылық жәрмеңкесін өткізеді.

Бұл жолы игі дәстүрді Маңғыстау мен Ақтөбе өңірлері жалғады. Кәсіпкерлер жәрмеңкеге мың тоннадан астам ауылшаруашалық өнімдерін әкелген.

Мұнайлы өлке Маңғыстау бал татыған балығымен де танымал. Сондықтан Арқа төріне артынып-тартынып 1 жарым тонна бекіре әкеліпті. Каспийдің бекіресін асыға күткен астаналықтар сала құлаш кезекке тұрып, келісі 3 жарым мың теңгеден сатылған таңсық балықты түске дейін таласа тауысып үлгерді.

Болат Тұяқов, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бекіре тұқымдас балықтың орташа бағасы Астананың базарында 6000 теңге. Біз 3500-3800 теңгеден сатып жатырмыз. Кефаль Астанада 1200-1300 теңге. Халық 1000 теңгеден алды. Қазір таусылды.

Елордалықтар балықпен қатар жергілікті өнімге де қарық болды. Әсіресе, көкөністен жасалған салат түрлеріне сұраныс жоғары. Олардың екі литрі 500 теңгеден саудаланды.

Гүлжамал Бекбауова, жеке кәсіпкер:

- Осы жәрмеңкеге 3 мың 500 банкі алып келдік. Саудамыз жақсы өтіп жатыр. 300-ден басталады. Ең қымбат дегенде 500 теңге болады. Дүкенде 700-800 теңге болса, біздің айырмашылығымыз 200-300 теңге.

Бұл күнге ақтөбелік кәсіпкерлер де ас та төк несібесін ала келді. Жәрмеңкеде ауыл шарушалығы өнімдерінің барлық түрі бар. Бағасы базар нарқынан арзанырақ. Содан да болар, жәрмеңкеге келгендердің қарасы қалың. 

Болат Сатыбалдиев, қала тұрғыны:

- Осы жәрмеңке кезінде қысқа керекті азық-түлікті алып аламыз. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан 80-100 келідей ет алдық.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі жәрмеңкені астаналықтар асыға күтетінін жасырмады. Себебі, әр өңір бас қалаға өзінің ең танымал тағамдарын жеткізетіні анық. Айта кетейік, «Алтын күздің» берекелі жәрмеңкесі 6 қарашада аяқталады.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Бахтияр Ырза

Хабар 24 телеарнасы