376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің 2018 жылғы жетістіктері жайлы отандық БАҚ не дейді?

  • 1416
  • UPD: 11:10, 31.12.2018

Ел экономикасы. Ұттық па, ұтылдық па? Әрине, бұл сұраққа бір ғана мақаламен жауап беру қиын. Дегенмен республикалық «Айқын» газетінің тілшісі бірқатар көрсеткішті жіпке тізіпті.

Мақалада негізінен теңгенің құбылуы, банк сияқты ел дамуына ықпал ететін секторлар көрініс тапқан. Сондай-ақ автор сыртқы экономикалық байланыстардың бір парасына да тоқталыпты. 

«Сыртқы нарықтағы жағымсыз факторларға қарамастан, сыртқы сауда айналымы да тұрақтылығын (9 айда өсу 21,6 пайыз) сақтап қалды. Экспорт 28,2 пайызға, импорт 10,8 пайызға өсті. Сыртқы экономикалық байланыстың дамуына Мемлекет басшысының шетелдерге жасайтын ресми сапары ерекше ықпал етеді. Себебі қомақты да маңызды келісімдер сол кезде жасалады. Бір ғана мысал, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтардағы АҚШ-қа сапарының нәтижесінде авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылып, 3 үкіметаралық келісім жасалды».

Биыл бюджеттің игерілуі қоғамда қызу талқыланды. Әсіресе, жыл соңына қарай Қаржы министрі бөлінген қаражатты тиімді жұмсамаған министрліктер мен әкімдіктердің атын атап, түсін түстеген болатын. Мақалада биылғы көрсеткіштермен қатар, келесі жылдың бюджеті жайлы да мәлімет бар.

«Ел экономикасындағы ең маңызды мәселе – республикалық бюджеттің қабылдануы. Биыл бекітілген 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге дейін өсетіні, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 36 108 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 2 525 теңге, күнкөріс шегі 29 698 теңгені құрайтыны жазылған. Алдағы жылдың бюджетін дефицит бюджет деуге болады, себебі табысынан (9,6 трлн теңге) шығысы (10,3 трлн теңге) көп болып тұр. Ал бюджет донорлары, әдеттегідей, Астана (30 039 508 мың теңге), Алматы қалалары (115 389 732 мың теңге) мен Атырау (105 177 356 мың теңге), Маңғыстау облыстары (35 365 489 мың теңге) атанды».

«Егемен Қазақстан». Жыл қорытындысы

Шолуымызды әрі қарай бас басылыммен жалғастырамыз. «Егемен Қазақстан» биыл өнердегі үздіктерді атады. Ерекше дауысымен алдымен Қытай жұртшылығын, кейіннен күллі әлемді тәнті еткен Димаш Құдайберген жыл жұлдызы атанса, Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова жыл актрисасы деп танылды.

«Бұл жылы дүйім жұртты қуантқан хабар – режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты фильмінде басты рөлді сомдаған Самал Еслямованың 71- Канн фестивалінде «Үздік актриса» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алуы болды. Бұл – өте үлкен жетістік. Канн фестивалі əлемдегі ең беделді əрі көне кинофестивальдардың бірі. Яғни əлемде «А» санатты 15 фестиваль болса, Канн – соның басында тұрған байқау. Самал күллі ТМД елдерінен аталған сыйлықты алған тұңғыш актриса. Осы сыйлық актерлердің ең жоғары əлемдік атағы саналады. Сонымен қоса Самалдың «алтын пальма бұтағын» алып тұрып қазақша сөйлеуі, қазақ қызына тəн ұяң мінезі, қарапайым болмысы ел көрермендерін одан сайын қуантты. Бұл фильм Қазақстанның атынан «Шетелдік үздік фильм» аталымы бойынша «Оскар» жүлдесінің шорт-листіне кірді».

«Жетісу». Таяқ ұшындағы талант

Өнерсүйер оқырманның ыстық ықыласына бөленген тағы бір мақала Алматы облыстық Жетісу газетіне жарияланды. «Таяқ ұшындағы талант» деп аталады. Ол белгілі композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиев пен оның жолын жалғаған қызы Дінзуxра Тілендиеваға арналған. Мақала өнердегі ұрпақтар сабақтастығы жайында. Алайда күйші өміріндегі кей сәттерден сыр шертетін тұстары да бар.

«Сөз басын әріден бастағанды жөн көрдік. Ол кезде Нұрғиса ағамыз бастауыш сыныптың оқушысы екен. Алматы вокзалының маңындағы жатаған үйде тұрыпты. Әкесі Атабай дүниеден озған. Балалардың ауыртпалығы анасы Салиханың мойнына жүктелген. Бір күні қалқан құлақ қара бала қораның төбесіне шығып, домбырамен күй тартады. Оның үні пойыздан енді ғана түскен зиялы жанды елең еткізеді. Әлгі адам арнайы іздеп келіп, өнерлі баланы көріп сүйінеді. Жас түлектің бойындағы талантты тап басып таниды. Бұл  академик Ахмет Жұбанов болатын. Тұсауын Ахаң кескен сол бала кейін ұлы композиторға айналды».

Хабар 24 телеарнасы