385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Триатлоннан Қазақстан чемпионатына 200 спортшы қатысты

  • 586
  • UPD: 23:32, 30.07.2017

Келер жылы Астанада WTC ұйымының қолдауымен Ironman 70.3 жарысы өтеді. Бұл туралы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов мәлімдеді. Ал елордада триатлоннан Азия кубогы аясында Қазақстан чемпионаты өтіп, оған 200 спортшы қатысты. 

Екі шақырымдық қашықтықты жүзіп өту, велосипедпен 90 шақырымды еңсеру және 21 шақырымды жүгіріп бағындыру. Триатлоннан Қазақстан чемпионатының биылғы талабы осындай. Адамның төзімділігін сынға салған спорттың бұл түрі 200 мықтының басын қосып, араларынан үздікті анықтады. Айту керек, жарыста кәсіпқой спортшылар да, әуесқойлар да бақ сынады.

Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Өте қиын жарыс. Сондықтан жарысқа көптеген бұрынғы спортшылар қатысып отыр. Олардың арасында атақты Олимпиада чемпионы Александр Винокуров та бар. Тағы да көп танымал адамдар бар. Кеше Азия кубогын өткіздік. Соның аясында триатлон саябағында ашық Қазақстан чемпионатын өткізіп отырмыз.

Жарыс тартысты өтті. Кем дегенде үш сағатқа созылатын сайыстың соңғы секундтарында спортшылар қарқынын үдете түседі. Жанкүйерлер де жігерлендіріп қояды. «Ерді намыс өлтіреді» деп қайрап жібергендер де болды.

Биылғы дүбірлі додада кәсіпқойлар арасынан ресейлік спортшы бірінші болып келді. Екінші орын қазақстандық Максим Крятқа бұйырды. Үздік үштіктің ішінде украиналық триатлоншы да бар.

Иван Тутукин, жеңімпаз /Ресей/:

- Бүгінгі сайыс мен үшін оңай болған жоқ. Әсіресе бізге берілген қашықтықты велосипедпен бағындыру қиын болды. Астананың желі біраз кедергі жасады.

Максим Крят, жеңімпаз /Қазақстан/:

- Өте тартысты жарыс болды. Менің басты қарсыластарым халықаралық додаларда бір емес, бірнеше рет топ жарған спортшылар. Негізі үшінші орынға үмітті едім. Бірақ сәті түсіп, екінші орынды иелендім.

Әуесқойлар да кәсіпқой спортшылардан қалысқысы жоқ. Олардың арасында Олимпиада чемпионы Александр Винокуров та бар. Осымен ол екінші мәрте триатлонға қатысып отыр. Бұған дейін белгілі велошабандоз Дубайдағы жарыста бағын сынаған. Төрешілер оның да өнерін бас бармақпен бағалап, екінші орын берді.

Александр Винокуров, Олимпиада чемпионы:

- Мен үшін жүзу қиын болды. Өмір бойы велоспортпен айналысқандықтан, қос дөңгелекті көлікпен қашықтықты еңсеру тіптен оңай түсті. Жүгіргенімнің нәтижесі де көңіл көншітеді.

Келер жылы Дүниежүзілік триатлон корпорациясының қолдауымен Ironman жарысы Астанада өтеді. Бұл қуанышты хабарды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов жеткізді.

Кәрім Мәсімов, ҚР ҰҚК төрағасы, Қазақстан триатлон федерациясының президенті:

- Біз WTC (World Triathlon Corporation) ұйымымен Астанада Ironman сериясының стартаптарын өткізу жөнінде ұзақмерзімді келісімге қол қойдық. Енді келер жылы посткеңестік елдер арасында алғаш рет біздің елде Ironman 70.3 Astana сайысы өтеді. Бәріңізді осы жетістікпен құттықтаймын. Бұл, Мемлекет басшысы тапсырғандай, ең алдымен бұқаралық спортты дамытуға бәріміздің бірге үлес қосып отырғанымыздың айғағы.

Сайыстың мақсаты бір – саламатты өмір салтын насихаттап, жастарды бұқаралық спорт түрлеріне тарту.

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Наурызбаев және Б.Ырза

Хабар 24 телеарнасы