377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР Президенті шетел елшілерінен сенім грамотасын қабылдады

  • 366
  • UPD: 19:52, 12.12.2018

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан қызметке кіріскен бірқатар шетелдік елшілерден сенім грамотасын қабылдады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараның өзіндік мән-маңызы зор. Себебі, Иран, Армения, Литва, Қырғызстан және Ауғанстан Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілерін таяуда ғана тағайындады. Сөйтіп, сенімді өкілдері арқылы елімізді мерейлі мерекемен құттықтап қана қоймай өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделік білдірді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның да әлемнің кез келген мемлекетімен байланысты нығайтуға әзір әрі алға қойған мақсат-міндеттерінің ауқымды екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызды Қазақстандағы дипломатиялық қызметтеріңіздің басталуымен құттықтаймын. Бүгінгі рәсімнің еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар. Біз егемендік алғаннан бері 27 жыл ішінде экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан заманауи мемлекетке айналдық. Әлемнің алдыңғы қатарлы отыз елінің қатарына қосылу мақсатымен ауқымды бағдарлама мен реформаларды жүзеге асырып жатқанымызды білесіздер. Құрметті елші мырзалар, бүгінгі таңда әлемнің түкпірінде жанжал ошақтары көбейіп, санкциялық текетірес пен сауда соғысы өршіп тұр. Өзара сенім болмаса, дағдарысқа қарсы іс-қимылдың оң нәтижесі болмайтыны белгілі. Баршаңызға мықты денсаулық, толағай табыс тілеймін. Қазақстандағы әр күндеріңіз сәтті болсын.

Елшілер Қазақстанмен сан түрлі салада ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді. Себебі, арадағы байланысты жетілдіруге мүмкіндік мол. Айта кетейік, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы көлемі 1 миллиард долларға жетті. Ал Литвамен бұл көрсеткіш 2 миллиардқа жуық. Сол секілді Иран, Ауғанстан және Армениямен де алыс-беріс ауқымды.

Жээнбек Кулубаев, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстанның шетелден инвестиция тарту тәжірибесін үйренгіміз келеді. Астана хабын құру жолы, экономиканы цифрландыру және арнайы кластер қалыптастыру ісі бізді ерекше қызықтырады. Бұған қоса Қытай мен Еуропа арасындағы көліктік логистика да бар. Мұның барлығын жан-жақты зерделеп, білген-түйгенімізді Қырғызстанның дамуына жұмсасақ деген ойдамыз.

Гинтаутас Васюлис, Литваның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстанмен цифрландыру, баламалы қуат көздерін өндіру, энергия үнемдеу және тұрғын үй инновациялары саласында бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазір арадағы тауар айналымын ақшаға шақсақ, 2 миллиард долларға жуықтап қалды.

Гагик Галачян, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Өткен жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 68 процентке өсті. Бұл үрдіс одан әрі де жалғаса береді деп сенеміз. Біз алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамытқымыз келеді.

Хабар 24 телеарнасы