376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылғы Сенат жұмысын қорытындылады

  • 1221
  • UPD: 23:28, 27.12.2018

Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент шаһары 2025 жылға қарай өзін-өзі қаржыландыратын деңгейге жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осындай болжаммен бөлісті.

Жылды қорытындылаған Жоғары палата депутаттары бүгін де бес бірдей құжатты қарады.

Елімізде жерге қатысты дау-дамай жиі шығады. Жекенің жайын мемлекетке қайтару, мұрагерлікке қатысты мәселелер енді жаңа заң бойынша реттеледі. Меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасында төрт негізгі өзгеріс бар. Соның ішінде жекенің қолындағы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға қатысты. Бұдан былай жер иесі жергілікті әкімшілік ұсынған бағамен келіспесе, өздігінен бағалау құнын талап ете алады. Сонымен қатар жер учаскесіндегі мекенжайдың да құны есептеледі.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға оның нарықтық баға құнымен немесе басқа да жер учаскесін беру шарты сақталған кезде ғана жол беру ұсынылып отыр.

Сенаттың жалпы отырысында қаралған заң жобасында мүлікті тәркілеу мен мұрагерлікке қатысты да өзгерістер бар. Қазір мұрагерді іздеуге алты ай шекті мерзімі қойылды. Егер дүние-мүліктің іздеушісі жарты жылда табылмаса, нотариус арқылы ол қатысушылар арасында бөліске түседі. Ал кейін мұрагер шықса, бұл іс сотта шешіледі немесе тараптардың өзара келісімімен аяқталуы мүмкін.   

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Әрине, қазіргі кезде мұрагерлер алты ай емес, бірнеше жыл күтіп жатыр. Ол осы мүлікті алу үшін. Ал осы нормалар енгізілген кезде олар алты айдан кейін осы мүлікті ие ретінде алады. Ал табылмаған мұрагер табылса, бірнеше жыл өткеннен кейін олардың сот арқылы мүмкіндігі бар болады. Басқа елге кеткен азаматтар туралы айтып жатырмыз.

Сенат отырысында қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытындағы өзгерістер де қабылданды. Енді екі немесе одан да көп ұрлық жасап, бұзақылықпен ұсталғандардың ісі ауыр қылмыс болып есептеледі. Себебі соңғы жылдары ел ішінде мал ұрлау көбейіп кеткен. Сондықтан тараптардың өзара келісімі бойынша ұрыларды қылмыстық жауапкершіліктен құтқаратын норма алып тасталды.  

Әбдәлі Нұралиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осы қаралып отырған заң жобасының басты мақсаты меншік құқығын қорғау екенін ескере отырып, ұсынылып отырған заң нормалары мал ұрлығының тоқталуына немесе азаюына өз септігін тигізіп, тосқауыл бола алады деп ойлайсыз ба?

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Осындай қылмыстар бойынша тергеу жалпы Қылмыстық кодекс шеңберінде «ұрлық» деген бабына сәйкес тергеледі, сотталады және жазаланады. Сол себептен жеке норманы енгізуге құқық қорғау органдары қарсы болды.  

Отырыс соңында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, Атырау облысындағы балықтардың жаппай қырылып жатқанын жеткізді. 

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Балықтардың жаппай қырылуына өзенге аммиактың төгілуі себеп болған деген болжам бар. Өлген балықтардың етінен аммиактың табылуы осы болжамды бекіте түседі. Сонымен қатар Жайық өзенінде зиянды заттардың мөлшері шектен жоғары деген пікірлер айтылуда. Еліміздегі балық шаруашылығындағы су айдынының негізі болып есептелетін Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуына байланысты қозғалып отырған мәселені қарап, тиімді шаралар қабылдауды ұсынамын.

Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың биыл өте белсенді жұмыс істегенін атап өтіп, 2018 жылды қорытындылады. «Биыл мемлекеттік биліктің барлық тармақтары Президенттің әлеуметтік бастамаларын іске асыруға кірісті. Қазақстандықтардың табыс деңгейін арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалды», – деп атап өтті Сенат төрағасы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- 2019 жылғы бірінші қаңтардан бастап ең төменгі жалақы бір жарым есеге артады. Зейнетақы мөлшері көбейеді. Коммуналдық қызметтің тарифтері төмендетіледі. Сенат жыл ішінде Елбасы ұсынған реформаларды заңнамалық жағынан қамтамсыз ету бойынша ауқымды жұмыстарды атқарды. Жалпы, биыл Парламент 80 заң қабылдады. Қабылданған заңдардың 30-ға жуығы Елбасының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталды. Сенаторлар заң жобаларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, маңызды түзетулер енгізгенін атап өту қажет.

Авторлары: Қанат Базылхан, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы