428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Салымшылардың қаражатына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ – Қ.Тоқаев

  • 417
  • UPD: 18:38, 05.05.2020

Мемлекет басшысы бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі кезеңнен қандай ой түйгенін айтып, алда болатын саяси өзгерістерге тоқталды.

Мемлекет басшысы сөз басын қиын қыстау шақта мемлекет тарапынан халыққа жасалып жатқан қолдау, көмектен бастады. Сонымен дағдарысқа қарсы шаралар үшін елде 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ең алдымен жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасау ұйғарылды. Бұл көмекті осы күні 4,2 миллион адам алған. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз.

Төтенше жағдай кезінде қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды. Сұхбат барысында осының бәрін айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев теңгенің құнсызданып кетуіне қатысты да пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады.

«Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады» деді Мемлекет басшысы. Жә. Қазір қоғам арасында карантин уақытында салымшылардың қаражатына қатер төнуі мүмкін деген қауесет жүр. Бұған да Президент нүкте қойды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір банктердің үздіксіз қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Депозиттерге кепілдік беретін қор да тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ахуалды Ұлттық банк бақылап отыр. Сондықтан салымшылардың қаражатына ешқандай қатер төніп тұрған жоқ.

Дағдарыс жағдайында, әдетте қазынаның кірісі мен шығысы қайта қаралады. Қазір де солай. Үкімет бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекіткен.     

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ескерте кететін бір жайт, бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды. Үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұмсалуда.

Экономикамыздың бір тірегі – ауыл шаруашылығы. Бұған дау жоқ. Дәл қазіргі басты міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Диқандардың алаңсыз жұмыс істеуі маңызды. Уақытты өткізіп алмау керек. Себебі қазақ «көктемнің бір күні – жылға азық» деген. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін.

Оқу жылының аяқталатын шағы да таяп келеді. Баршаға аян, қазір білім қашықтан беріліп жатыр. Орайы келгенде Президент ұстаз қауымына алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұғалімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін.

Ұстаздықпен қатар аталатын қадірлі мамандық бар. «Дәрігер» деген. Барша жұртқа қауіп төндірген індетті ауыздықтау үшін ең алдымен осы ақ халаттылар тынбай еңбектеніп жатыр. Медицина мамандарының қалтқысыз қызметін Мемлекет басшысы әркез жоғары бағалап келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді.

Тек медициналық зерттеу де ғана өзгеріс болмайды. Елде түбегейлі саяси реформа күтіп тұр. Қазір бірқатар маңызды заңнамалық өзгеріс талқылану үстінде. Соның бір-екі мысалы, саяси партияларды тіркеу жеңілдетіледі. Парламенттік оппозиция институты қалыптасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ. Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін. Жан-жақты саяси реформалар жалғасады.

Осылайша елде елеулі өзгеріс болмақ. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған іргелі істер жалғаса береді. Соның айқын дәлелі – әлеуметтік осал топтар үймен қамтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі – баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы көп балалы отбасыларға табысына қарамай, жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ұстаздардың еңбекақысын екі есеге өсетін болды. «Президенттік жастар кадрлық резерві» құрылды. «Волонтер жылы» жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы бір жыл ішінде нақты жұмыстар атқарылды. Сондықтан елдің еңсесін көтеретін мұндай шешімдер алдағы уақытта да қабылдана береді.

Әлеуметтік-экономикалық өзгерістерден бөлек, Мемлекет басшысы құндылықтарымызды ұлықтау керектігін атап өтті. Тіліміздің мәртебесін көтеріп, ұлттық болмысымызға басымдық бермек қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты.

Сұхбат соңында Президент осынау күрделі кезеңнен қандай ой түйдіңіз деген сауалға жауап берген. Не деді дейсіз ғой? Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Ең алдымен не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады».

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы