423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр

  • 846
  • UPD: 16:36, 29.12.2020
2021 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр strategy2050.kz

Сынаққа толы болған жыл аяқталуға жақын. Енді жұрт 2021 жылға үміт артады. Ал келер жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Зейнетақыны мерзімінен бұрын алу

2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілетін болады.

Елде зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне 1 миллионға жуық қазақстандық қол жеткізеді. Яғни бұған дейін айтылған 700 мың қазақстандыққа енді зейнетке шыққан адамдар да шекті сомадан асқан қаржыға қол жеткізе алады. Мұндай азаматтар саны ел бойынша 170 мыңдай. Сөйтіп шамамен 1 миллионға жуық адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне ие болады.

Жаппай вакцинациялау

19 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңі жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады.

Ал Қазақстанда өндіріліп жатқан ресейлік «Спутник V-мен» жаппай вакцинация 2021 жылғы ақпан айында басталады. «Бірінші кезекте екпе ерікті негізде медицина қызметкерлері, педагогтер, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне салынады», – деді премьер-министр Асқар Мамин.

Оқушылар мектепке оралады

11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталады. 1-5 сынып оқушылары кезекші сыныптар режимінде оқуды жалғастырады. Cонымен қатар III тоқсанда бітіруші 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптар режимінде оқуды бастайды.

Оффлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы кіреді. Бұл оқыту пәндерінің 70% құрайды.

«Сондай-ақ пәндердің 30%-і қашықтан оқытылады. Атап өтетін болсам, информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады. Ал вариативті компоненттің пәндері кестеге сәйкес асинхронды түрде жүргізіледі», – деді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

Әліппені қайтару

2021 жылы білім беру ісінде тағы бір оң өзгеріс бар. Көп ұзамай мектептерге Әліппе қайта оралады. Оқулықтың бағдарламасы мен мазмұны дайын. Әліппе бастапқыда кирилл қарпінде шығады. Кейін латын әліпбиіне ауысады.

«Жалпы оқулықты латынға көшіру аса қиын шаруа емес. Бастысы, әліппені қайтару ісін толық орындадық», – деді Асхат Аймағамбетов.

Жалақы өседі

Келер жылы елімізде педагогтердің жалақысы тағы 25%-ке өседі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдердің жалақысы тек мектепте емес, балабақша, қосымша білім беру, колледж және жоғары оқу орындарында көбейтіледі. Өз сөзінде министр педагогтерге берілетін түрлі қосымша төлемдер бар екенін де еске салды.

«Балабақшадан бастап колледж, мектепті қамтып, барлық педагогтердің жалақысы 25%-ке өсуде. Әрине, ЖОО-ларға да тиісті назар аударылды. Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес отырысында осы тапсырманы берген болатын. Биыл мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқытушылардың жалақысы 20%, ал ұлттық университеттерде 28%-ке ұлғайған», – деді А.Аймағамбетов.

Одан қалды 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға арақатынасы 2,5 есеге жеткізілмек. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың еңбекақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды.

Хабар 24 телеарнасы