378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық гүл нарығының құны қанша?

  • 522
  • UPD: 11:07, 07.03.2019

 

Отандық гүл нарығының құны 130 млн АҚШ долларына жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен гүл саудалау бизнесінде тәуекелдер көп. «Сарапшылардың айтуынша, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында раушангүл мен қызғалдақтарға сұраныс жоғары», – деп жазады Капитал.кз. Алайда гүл сататын ірі сауда желілері баға саясатын ашық айтудан аулақ. Мақсат – шағын партиямен саудалайтын бәсекелестеріне өздерінің кейінгі қадамдарын білдіртпеу. «Құпиялықтың сыры осында», – дейді саудагерлер. Мәселен, нарықтың жартысынан астамы – импорт. Қалған бөлігі отандық өнімнің үлесінде. Елімізде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған 5 ірі жылыжай бар. Бірақ оның өнімділік қуаттылығы отандық нарықтың тек 30 процентін қамтиды. Осыдан 3 жыл бұрын жалпы құны 100 млн АҚШ долларын құраған нарық бүгінде тағы 30 млн долларға толықты. Гүл сатушылардың айтуынша, соңғы жылдары байқалатын жаһандық экономикалық дағдарыс аталған салаға өсім беріп отыр. «Бұл бірінші кезекте көпшіліктің жалпыға бірдей сыйлық ретінде гүлді таңдайтынына байланысты», – дейді сала мамандары. Гүлдер көбіне Эквадор, Колумбия, Кения мен Голландиядан жеткізіледі. Соңғы аталған елді әлемдік гүл нарығының хабы деп санауға болады. Өйткені Америка мен Африкадан әкелінетін өнімдер бірінші кезекте транзит арқылы Нидерланды арқылы дүние жүзіне таратылады. Қызығы сол, отандық гүл нарығында гүл көп болғанымен, бәсекелестік аз. «Кез келген жеке кәсіпкер аталған нарыққа тәжірибесіне қарай ене алады», - дейді сатушылар.

Көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шарасы 1 сәуірден бастап қолға алынбақ. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін жетілдіру арқылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 проценттен 70 процентке артады. Бұрын атаулы әлеуметтік көмекті 571 мың адам алып келсе, биыл бұл шара 830 мыңнан астам адамды қамтиды деп күтіліп отыр.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға, «Күміс» пен «Алтын алқа» иелеріне берілетін мемлекеттік, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақылар алынады. Ай сайын аз қамтылған отбасының әрбір баласына күнкөріс деңгейінің 70 проценті, яғни шамамен 21 мың теңге мөлшерінде кепілдендірілген көмек көрсетіледі. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы жеңілдетіледі. Мұның бәрі келер айдан бастап күшіне енеді. Ал шілде айында көпбалалы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін оларға отбасылық кәсіп ашып, табысын арттыру мақсатында жаңа бизнес идеяларға 505 мың теңгеден өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар беріледі. Көпбалалы аналарға және мүгедектігі бар азаматтарға өз ісін ашу үшін 6 жарым млн теңгеге дейін және «якорлы кооперацияны» дамытуға 20 млн теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие ұсынылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жақында өткен «Nur Otan» партиясының съезінде біз әлеуметтік жағдайға көңіл аудару мәселесін жақсылап талқыладық. Тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсындым. Уақыт көп өткен жоқ. Дегенмен істеліп жатқан жұмыстарды тыңдағым келеді. Айтқан сөзімізді халық біледі, күтіп отыр. Ұзаққа созбай, шешуіміз керек. Әсіресе, әлсіз топтарға, көпбалалы аналарға мүмкіндігінше тезірек көмекті қолдарына тигізу керек.

Кеше Алматыда Қазақстан Ұлттық банкі өкілдері қаржы сарапшыларымен кездесті. Кездесу барысында Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин 2019 жылғы 1 наурызда Ұлттық банктегі болжамды кезеңнің аяқталғанын айтты. Болжам осы жылдың 1-тоқсаны мен 2020 жылдың 3-тоқсаны аралығына арналған.

«Осы болжамдық раунд аясында біз Brent маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 40, 60 және 70 АҚШ доллары бағасы бойынша 3 болжамды қарастырдық. Бағалардың бүгінгі деңгейін, сондай-ақ нарыққа қатысушылар мен халықаралық қаржы институттарының болжамдарын ескере отырып, базалық сценарий ретінде біз Brent маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 60 АҚШ долларын қарастырдық. Сыртқы жағдайлар бойынша алғышарттар елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Сыртқы факторлар тарапынан біз сыртқы сұраныстың өсу қарқынының бәсеңдеуін күтеміз. Ал бұл сауда әріптес елдердегі инфляцияның жылдамдауына байланысты болды».

Сондай-ақ Виталий Тутушкиннің айтуынша, 2020 жылы инфляцияның нысаналы деңгейден асу қаупі бар. Болжамға сәйкес, биыл елдегі жылдық инфляция 4 пен 6 процент арасында құбылып тұрады. Былтыр қараша мен желтоқсанда өткен болжамды раундпен салыстырғанда осы жылы инфляция траекториясы құлдилаған. «Бұл тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің төмендеуіне байланысты болған», – дейді департамент директоры.

«2020 жылы инфляция өзінің нысаналы деңгейінен асып кетуі мүмкін. Біріншіден, реттелетін қызметтердің тарифін төмендетуден инфляцияға оң әсер болмайды деген болжам бар. Екіншіден, ең төменгі жалақыны арттыру және қызметкерлердің төмен ақы төленетін санаттары үшін жеке табыс салығын төмендету аясында тұтынушылық сұраныстың өсуі сақталады. Сонымен қатар әлемдік азық-түлік инфляциясының серпіні алдағы уақытта елдегі азық-түлік инфляциясының өсуіне әсер ететін болады».

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 377 теңге 95 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 378-379 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы