365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғандағы зауыттың өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарлы

  • 116
  • UPD: 21:12, 08.10.2018

Елбасы биылғы Жолдауында «Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауы тиіс. Халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет» деді.

Ол экспорттық әлеуетті арттырумен қатар ішкі нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз ету үшін де ауадай қажет. Ал Талдықорғандағы құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар шығаратын зауыттағылар «біздің басты міндетіміз – сапалы өнім өндіріп, шетелдік әріптестерімізбен арадағы бәсекелестікке төтеп беру» дейді.

Бұл кәсіпорын күніне 50 тонна құрғақ қоспа шығарады. Швейцария мен неміс технологиясы бойынша жұмыс істейтіндіктен өнімнің сапасы еуропалық стандарттарға сай. Қажетті шикізаттың 80 пайызы отандық. Гипс пен химиялық қоспалар ғана өзге елдерден тасымалданады. Сондықтан мұнда өндірілетін құрғақ қоспалардың бағасы шетелдік өніммен салыстырғанда 30-40 пайызға арзан. Сонда өте қысқа мерзім ішінде отандық нарықты жаулап алуға мүмкіндігіміз бар екен.    

Илья Григорьев, кәсіпорынның бас технологы:

- Біз өнімнің 6 түрін шығарамыз. Соның үшеуі гипс, қалғаны цемент қоспасынан жасалады. Жақында оған тағы 3-4 өнім түрі қосылады. Сапалық тұрғыдан шетелдік баламаларынан асып түспесе, кем соқпайды. Ал бағасы өзге елдерде өндірілген қоспаларға қарағанда әлдеқайда арзан.  

Кәсіпорын алдағы жылы лак пен әрлеуге арналған сұйық құрылыс материалдарын шығаратын жаңа зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікті ілгерілетуге ерекше қолдау көрсетілетінін айтты.

Сайлау Ахметжанов, кәсіпорын басшысы:

- Көңілімізден шықты енді. Орта және шағын кәсіпкерлікке көп көмегі тиіп жатыр. Бұрынғыдай тексерістер азайып, жұмыс істеуге кедергі келтірмейді. Сол жағынан да жақсылықтар көріп жатырмыз. Елбасы айтып жатыр шет елден көрген реформаларды әкеліңіздер деп. Бұл осы біздің құрылысшыларға, үкіметіміздің бюджетіне, экономияға қосқан үлесіміз сияқты болар еді.

Талдықорғандық кәсіпкер бұған дейін ағаш өңдеу цехы мен жиһаз шығаратын фабрикасын іске қосқан болатын. Жолдауда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылатыны айтылды. Біз оның жаңа кәсіпкерлік нысандарын көптеп ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға оң әсер ететініне сенімдіміз» дейді жетісулық кәсіпкер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы