387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында 7 айда 38 мың тоннадан астам сүт өндірілген

  • 121
  • UPD: 10:25, 14.08.2019

Атырау облысындағы шаруа қожалықтары жыл басынан бері 38 мың 216 тонна сүт өндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал осы уақыт аралығындағы облыстың қажеттілігі – 50 мың тоннаға жуық. Қалған өнім республикамыздың өзге облыстары мен Ресей, Беларусь мемлекеттерінен тасымалданады. Өңірде сиыр сүтінен бөлек адам денсаулығына өте пайдалы ешкі сүті де өндіріледі. Ферма артылған өнімдерін шетелдерге эскпорттап отыр.

Атырау облысының табиғи жағдайы қатаң келетіндіктен, мал өсіруге қолайсыз. Төрт түліктің бірі – сиыр жайылымға шықпайтындықтан, қолдан қоректендіруге тура келеді. Сондықтан жергілікті шаруалар сиыр фермасын ашуға құлықсыз. Қазір мұнайлы өлкеде қазіргі заманғы құралдармен толық жабдықтаған жалғыз сиыр сүтін өндіруші ферма бар. Мұнда тәулігіне 1,5 тонна сүт сауылып, одан 10 түрлі өнім шығарылады. Майлылығы жоғары құнарлы сүттің бағасы литріне 300 теңгеден. Жергілікті өнім күнбе-күн тұтынушыға балғын күйінде жеткізіледі.

Айгүл Қарабалина, шаруа қожалығының сатушысы:

– Сүтке сұраныс өте жақсы. Күндегісі күнде өтеді. Кешке дейін сатып бітіреміз. Барлығы табиғи өнім.

Облыс шаруалары жылына 60 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Қазір соның 38 мың тоннадан астамы өндірілді. Ауыл шаруашылығы басқармасы тұтынушыларды толық қамтып отырмыз дейді. Сауда орындарында пакетке құйылған сүттің бағасы литріне 220 теңгеген 300 теңгеге дейінгі аралықта. Бірақ нарықтың аты нарық, сырттан келетін арзан өніммен бәсекеге түсуге жергілікті тауар өндірушілер әзірге қауқарсыз. Ал ешкі сүтін өндірушілер аймақты толық қамтып, артылғанын шетелге сатып отыр. Бір ферманың өзінде жылына 180 тонна сүт сауылады.

Тәмила Розметова, асыл тұқымды ешкі фермасының директоры:

– Бізде қазір 1300 бас ешкі бар. Әлі біраз ешкі төлдеген жоқ. Олар төлдесе, биыл мал басын 1,5 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. 20 түрлі өнім өндіреміз. Негізгі өнім еліміздің батыс аймақтарына жіберіледі. Біздің ұлттық өнім Ресейде де жоғары танымалдылыққа ие. Біз олардан көп тапсырыс аламыз. Қазір Орынбор, Волгоград, Астрахань облыстарына экспорттап жатырмыз. 

Облыста өткен жылы 61 мың 500 тоннаға жуық сүт өндіріліп, жоспар 112 процентке орындалған. Ал биыл сүт өндіру көлемі аздау. Дегенмен ауыл шаруашылығы басқармасы жыл соңына дейін жоспарды 100 процентке дейін жеткіземіз деп отыр.   

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы