423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан индустриалды аймағында биыл 6 кәсіпорын іске қосылады

  • 987
  • UPD: 21:12, 23.02.2020

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күні соның жетеуі жұмыс істейді. Онда құны 31 млрд теңге болатын 31 жоба іске асырылған. Биыл тағы 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Егер бастама жүзеге асса, 300 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Индустриалды аймақтағы кәсіпорындар қандай өнім шығарады? Оларға қолдау қажет пе? Дайын өнімді қайда өткізеді?

Бұл - Түркістан қаласындағы 2015 жылы құрылған индустриалды аймақ. Алғашқыда аумағы 40 гектар болған. Былтыр 350 гектарға ұлғайтылды. Алғашқыда 20 кәсіпорын жер алған. Қазір соның 9-ы жұмыс істеп тұр. 2,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 350 жұмыс орны ашылды. Мұнда жиһаз, асфальт бетон, кірпіш, темір тор шығаратын зауыттар жұмыс істейді. Мәселен, мына кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. 10-нан аса жиһаз түрін шығарады. Жылына 250 млн теңгенің өнімін өндіреді. Кәсіпкер шикізаттың барлығын шетелден таситындықтан, тауар өндірушілерге салынатын құн салығын төмендетсе дейді.

Сабыржан Ысқақов, кәсіпорын директоры:

– 2019 жылы 25 мың дана жиһаз шығардық. 2020 жылы 40 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Дайын өнімді барлық облысқа жіберіп жатырмыз. Әр облыста біздің өкілдеріміз бар. Біз шикізаттың 80 пайызын Ресейден, 20 пайызын Қытайдан аламыз. Шикізатты алу қиындау, Үкіметтен тауар өндірушілерге жеңілдік болса, жақсы болар еді.

Ал мынау темір бетон шығаратын зауыт. 2017 жылы іске қосылған. Жылына құрылысқа қажетті 7 мың дана дайын өнім шығарады. 46 адам тұрақты жұмыс істейді. Келешекте өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Мұхтар Ақылбеков, цех басшысы:

– Тәулігіне 38 плита, 150 темір бетоннан 150 құйылады. Басқа да заттар құйылып жатыр. Көбіне Түркістан, Жаңақорған, Шиелі, Қызылорда, Кентау, Шәуілдір алады.

Түркістан индустриалды аймағында биыл 6 кәсіпорын іске қосылады. Тағы да 3 жоба өңірлік үйлестіру кеңесінен өткен. Болашақта 350 гектар аймақта 100-150 кәсіпорын жайғасады деп күтілуде.

Айта кетейік, Түркістан облысында 9 индустиалды аймақ бар. Бірақ қазір соның 7-уі жұмыс істеп тұр. Екеуінің инфрақұрылымдық жұмыстары аяқталып, алдағы жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Өткен жылы өңірдегі индустриалды аймақтарда құны 4,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асып, 256 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Талғат Қыдырбаев, индустриалды аймақтарды басқару компаниясының бас директоры:

– 2020 жылы біз 7 жобаны жүзеге асырамыз деп жоспарладық. 3,1 млрд инвестиция тартылады. Сонымен қатар 300 жаңға жұмыс орны ашылады.

2015 жылдан бері Түркістан облысындағы 7 индустриалды аймақта инвестициялық құны 31 млрд теңге болатын 31 жоба жүзеге асқан. Өткен жылы олар 4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, мемлекет қазынасына 634 млн теңге салық төлепті. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесі құны 47 млрд теңге болатын 56 жобаны мақұлдаған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы