412,10 452,40 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«5-10-20-ның» игілігін кімдер көре алады

  • 123
  • UPD: 10:20, 20.05.2020

«5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспананы тек жаңа тұрғын үй кешендерінен және жеке құрылыс салушылардан сатып алуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағдарламада қолданыстағы тұрғын үйлер қарастырылмайды. Ал күзде ескі үйлер арзандайды деп күтілуде. Мұндай баспаналардың құны жаңа үйлерге деген сұранысқа байланысты қалыптаспақ.

Бұл – соңғы уақытта қызу талқыға түскен тақырыптардың бірі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің хабарлауынша, жұмыс тобы бағдарламаға қатысты сауалдарды әлі қарастырып жатыр. Бірақ зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік берілуі екіталай. Мемлекеттік бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтуға бағытталған. Ал олардың зейнетақы шотында нақты қанша ақша болу керек? Бұл сома да әлі есептеліп жатыр.

Жаңа пәтерлерге сұраныс 10% өсуі мүмкін

Елімізде жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлерге сұраныс 10%қанда өседі. Қазақстандық риелторлар осындай болжам жасады. Жылжымайтын мүлік нарығына «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасы осылайша әсер етуі мүмкін. Бағдарламаға қатысушылар әкімдіктегі тұрғын үйге кезегінде тұруы шарт. Бұл негізінен көп балалы отбасылар, жетімдер, әскери қызметкерлер, бюджет қызметкерлері, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар. Елімізде осындай кезекте тұрғандардың жалпы саны жарты миллионнан асады. Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің пікірінше, «5-10-20» тұрғындарға қолжетімді баспана сатып алуға жақсы мүмкіндік. Екінші жағынан, жаңа ипотекалық бағдарлама төтенше жағдай кезіндегі құлдыраудан кейін жылжымайтын мүлік нарығын қалпына келтіруге көмектеседі. 

Қазақстанда жалдамалы пәтер қанша тұрады?  Бұл туралы «Нарықтағы баға» айдарында айтып береміз. Петропавлда бір бөлмелі пәтерді 40 мың теңгеге жалға алуға болады. Қарағандыда мұндай баспана 45 мың теңгеге беріледі. Ал шырайлы Шымкентте бір бөлмелі пәтерді 50 теңгеге бір айға жалға ала аласыз. Батыста бес мың теңгеге қымбат. Ақтөбеде оның құны 55 мың теңге. Ал Өскеменде 60 мың теңге тұрады.  Атыраудағы бір бөлмелі пәтерлер 70 мың теңгеге жалға беріледі. Алматыда баға тіптен жоғары 85 мың теңге. Ал елордада берілетін пәтерлер ең қымбат өңір деп айтсақ болады. Бір бөлмелі пәтер мұнда 90 мың теңгеге жалға тапсырылады.

Сәуірде елімізде өнеркәсіп өнімдерінің бағасы құлдырады

Сәуірде өнеркәсіп орындарының өнімдері ең қатты арзандаған кезең болды. Статистика комитетінің мәліметіне сай, бір жылда баға 13% төмендеген. Әсіресе, тау-кен өндірісі қатты құлдырады. Бұл әлемдік мұнай мен метал бағасының арзандауымен байланысты.  Ал өңдеу өнеркәсібіндегі жағдай керісінше, сәуірде баға орта есеппен 1,2%  өсті. Мәселен, тамақ өнімдері, темекі, тоқыма бұйымдары, химия өнеркәсібі өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары және көлік өндірісінде бағаның өскені байқалады. Жалпы, өнеркәсіптегі бағаның өзгеруі тұтынушылық инфляцияға ықпал етеді. Атап айтқанда, егер мұнайдың арзандауы, отын ресурстарының қымбаттауын тежейді. Ал өңдеу өнеркәсібінде бағаның өсуі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың құнына ықпал ететін болады. Болжам бойынша, биыл өнеркәсіптегі бағалар орта есеппен 17% төмендейді, ал тұтыну инфляциясы 8,1% дейін  жетеді.

Елімізде алкоголь бір жылда 6% қымбаттады

Елімізде бір жылда алкоголь өнімдері 6% қымбаттады деп хабарлайды Энеррджипром.кз. Мысалы, Қарағандыда арақ бағасы өскен. Бұл сусынның бір литрі 3 мың 100 теңге тұрады. Нұр-сұлтан мен Атыраудағы ең қымбат арақ: 3 мың 700 теңге төңірегінде. Ал ең арзан арақ Семейде. Айта кетерлігі, карантин кезінде Қазақстанда алкоголь өнімдерінің өндірісі қысқарған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда коньяк 5 %, арақ 6,7 %, ал ликер мен басқа да алкоголь өнімдерінің өндірісі бірден 51,1 % -ке кеміді. Табиғи жүзім шарабы 30,1% қысқарса, сыра 2,9% 194 млн литрге дейін азайды.

1 маусымнан бастап азық-түлік экспортына шектеу болмайды

1 маусымнан бастап азық-түлік тауарларын экспорттауға қойылған шектеулер мен квоталар тоқтайды. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады . Шектеулер төтенше жағдай кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген еді. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі төтенше жағдай кезінде бірқатар ауыл шаруашылығы өнімін квота бойынша экспорттауға рұқсат беріп, кей азық-түлік тауарларын елден шығаруға тыйым салған болатын. Қазір төтенше жағдай тоқтағандықтан уақытша кедергілер алынып тасталмақ.

Елордалықтар мобильді қосымша арқылы 700 мың теңге садақа берген

Елордалықтар Smart Astana қосымшасы арқылы 700 мыңнан теңгеден астам пітір садақа берген.  Бұл туралы «Астана Innovations» баспасөз қызметі хабарлады.  Мобильді қосымшада бес мешіттің тізімі бар. Бұл Хазрет Сұлтан, Ырыскелді Қажы, Ақ мешіт, Нұр Астана, Әл-Ғани мешіттері. Қазақстан діни басқармасы белгілеген төлем көлемі адам басына 370 теңге. Ораза басталғанда мешіттер жабық болғандықтан тұрғындар пітір садақаны телефон арқылы төлей бастаған. Мамандар қайырымдылықтың бұл түрі қауіпсіз екенін алға тартады. Еске салайық, дүйсенбіден бастап еліміздегі мешіттер қайта ашылды. Олар таңғы жетіден кешкі сегізге дейін жұмыс істейді.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы