387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Вьетнамдық жеміс өсірушілер Қазақстанмен азық-түлік саудасын жандандыруға қызығушылық танытып отыр

  • 457
  • UPD: 16:53, 09.03.2017

Вьетнамдық жеміс өсірушілер Қазақстанмен азық-түлік саудасын жандандыруға қызығушылық танытып отыр.

Кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша ең алдымен біздің еліміздің нарығына шықпақ. Ол үшін Вьетнам Шығыс Қытайдағы Ляньюньган айлағы және Қазақстан тасымал дәлізінің әлеуетін пайдалануды көздеп отыр. Осы арқау арқылы Еуразия нарығына дендеп енгісі бар. Чан Тхи Чанг Нху жоғарғы оқу орынында азық-түлік өндіру технологиясын меңгерген. 2007 жылы маракуйя, манго, папайя, лайм, помело жемістерін өсіретін компания ашты. Жаңа піскен жеміспен қатар кептірілген жемістің 10 шақты түрін саудаға шығарады. Кокос жаңқасы, түрлі жаңғақ, кофе, чай, чили, зімбір, бұрыш және басқа да ауылшаруашылық өнімін өндіреді. Серіктесімен бірге өз өнімдерін Иран және Таяу Шығыс елдеріне теңіз жолымен тасымалдайды.

Чан Тхи Чанг Нху, «Saigon TPC» компаниясының ортақтас иесі:

- Жаңа нарықтарды зерттей келе, біз Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және ТМД елдеріне шығуға болатынын түсіндік. Әрі қазақ елінің Орталық Азиядағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда сатып алу қабілеті жоғары. Биыл қараша айында Алматы қаласында өтетін тамақ өнеркәсібінің «World Food Kazakhstan» халықаралық көрмесіне қатысып, сенімді серіктес іздеуді жоспарлап отырмын. Келер жылы Әзірбайжан нарығына шығамыз.

«Saigon TPC» компаниясы қазақстандық күнбағыс пен өсімдік майына әлден қызығушылық танытып отыр. Ендеше отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер Вьетнам нарығына кіре алады. Оның үстіне Алматы мен Хошимин арасында өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылған. Ендігі мақсат - көліктік-логистикалық мәселені шешу. Оңтүстік-Шығыс Азия нарқына апаратын ең тиімді жол Қытайдағы Ляньюньган порты. Сондықтан осындағы қазақ-қытай халықаралық логистикалық компанияның әлеуетін пайдалану көзделген.

Чан Винь Нюнг, Хошимин қаласы өнеркәсіп және сауда департаменті директорының орынбасары:

- Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екі жақты сауда айналымның жалпы көлемі 366 миллион доллар болса, оның тек 10 миллионы ғана Хошимин қаласының үлесінде. Сондықтан 10 миллиондай тұрғыны бар Вьетнамның оңтүстік астанасы шығарған тауарын Қазақстанға экспорттаумен қатар, қазақстандық ауылшаруашылық өнімін тұтынуға дайын деп айта аламын.

Таяуда Қазақ елі Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы астық тиелген алғашқы жүк контейнерлерін жетікізді. Яғни, аталған дәліз арқылға отандық кәсіпкерлерге Вьетнамға жол ашылды.

Авторы: Нұрбек Бекен.

Хабар 24 телеарнасы