384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО-ға мүше елдер қоршаған ортаны қорғау заңнамасын жетілдіру бастамасын көтерді

  • 401
  • UPD: 13:06, 15.07.2017

Заңгерлердің айтуынша, экологиялық қауіпсіздік бойынша бірыңғай құқықтық база құру арқылы бірлестікке мүше елдердің табиғи және биологиялық ерекшеліктерін тиімді қорғауға болады.

Еуразиялық экономикалық одақтың мақсаты елдер арасындағы сауда байланысын нығайтумен шектелмейді. Экологиялық мәселе де бұл бірлестік күнтізбесіндегі басты тақырып. Одаққа мүше 5 елдің табиғаты ерекше, бір-біріне ұқсамайды. Бірақ қоршаған ортаны тек ел ішінде қорғау жүйесі тиімсіз. Заңгерлер алдағы уақытта одақтас республикалар тек бірігіп қана, жалпыға ортақ ортаны қорғай алады деп топшылап отыр. Бұны ойдағыдай іске асыру үшін әріптес елдер табиғатты қорғау құқықтық базасын құруды кейінге шегермеуі керек.

Гүлнәр Ручкина, заң ғылымдарының докторы:

- Бұл сұраққа дұрыстап назар аударып, кешенді түрде саралау қажет. Салааралық жүйе арқылы эколог ғалымдар белсенді түрде атсалысуы керек. Кәсіпкерлер мен сот жүйесі де қолғабыс етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Экология экономикадан бір саты жоғары болуға тиіс. Табиғат қорғаушылар сауда байланыстарын дамыту жолында қоршаған ортаны ластауды әсте қолдамайды. Құқық қорғаушылар болса, жасыл технологияның адамзат тұрмысына толық ене қоймағанын алға тартып, қолда бар табиғатты қадірлеу керек деп ескертеді.

Азамат Қадыров, экологиялық-құқықтық зерттеулер орталығының жетекшісі:

- Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экологиялық ықпалдастығы әзірше тығыз емес. Сондықтан біз заңгерлер мен ғалымдарға осындай бастаманы ұсындық. Мақсат бір және бәріне ортақ одаққа мүше мемлекеттердің заңнамаларына сараптамалық баға беріп, экологиялық заңдарды бірыңғайландыру.

Заңгерлердің айтуынша, белгілі бір елдегі экологиялық заңнаманың тиімділігін тексеру үшін кем дегенде 5 жыл уақыт кетеді. Еуразиялық экономикалық одақтың бұл бағытты қолға алғанын ескерсек, бірлестікке мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау заңнамаларын үйлестіруді кешіктірмеу керек. Жалпы табиғат бірнеше жылдар мен ғасырлар бойы қалыптасады, сондықтан экологиялық қауіпсіздік сұрағын ертеңге қалдыруға әсте болмайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы