389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Испанияда лаңкестік ұйымдастырған қаскөйлердің Бельгиядағы экстремистермен байланысы болуы мүмкін

  • 421
  • UPD: 11:57, 23.08.2017

Испанияның Камбрильс пен Барселона қалаларындағы лаңкестіктерді тергеу жұмыстары одан әрі жалғасуда.

Шабуылды ұйымдастырған қаскөйлердің Бельгиядағы экстремистермен байланысы болуы мүмкін деген болжам бар.

Еуропадағы шабуылдардан кейін Бельгия астанасының Моленбек ауданы лаңкестердің ошағына айналғандай. Сарапшылар Бельгияның Вилворде қаласын радикалдардың еуропалық орталығы деп атайды. Кәрі құрлықтағы соңғы шабуылдардан кейін ақпарат құралдары Испанияда қастандық ұйымдастырған қаскөйлердің бельгиялық экстремистермен байланысы болуы мүмкін деген ақпар тарата бастады. Өйткені полицейлерге Испанияның Риполь муниципалитеті имамының Бельгияға сапар жасағаны жайлы белгілі болды. Арнайы қызмет өкілдерінің пікірінше, Испанияда төбе көрсеткен лаңкестерді шабуыл жасауға осы Әбделбаки Эс Сатти үгіттеген.

Ханс Бонт, Вилворде қаласының мэрі:

– Имамның өткен жылдың қаңтарында Бельгияға жұмыс іздеп келгені белгілі. Кейбір мәлімет бойынша, ол Брюссель, Вилворде және Мехелендегі мешіттермен байланыста болған. Бұдан лаңкестердің бейкүнә жандарға шабуыл жасап, қоғамды үрейде ұстау ойларын қалай жоспарлайтынын көруге болады. Оның былтырғы терактілерге де қатысы болуы мүмкін. Өйткені ол жарылыстардан кейін бірден Бельгиядан кетіп қалған екен.

Ханс Бонт, Вилворде қаласының мэрі:

– Әбделбаки Эс Саттидің Бельгиядағы шабуылдарға қатысы болуы мүмкін. Бұл болжамды жоққа шығара алмаймыз. Мүмкін ол бөтен біреулердің құжатын пайдаланған да шығар.

Сирия мен Ирактағы жағдай ушыққалы экстремистер сапында күрес жүргізу үшін онда Еуроодақтың 11 мемлекетінен 5 мың адам аттанған. Ол азаматтардың дені бельгиялықтар болып шықты.

Джулиан Кинг, Еуроодақтың қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссары:

– Еуропадан Ирак пен Сирияға кетіп қалған содырлардың кейін отанына оралуы да ғажап емес қой. Біреулері атыс-шабыстан қаза тапса, басқасы арам ойларын іске асыру үшін өзге жерге қоныс аударуға тырысары хақ. Дөп басып айту мүмкін емес. Десе де Еуроодақ елдерінің 2 мыңнан астам азаматы қазір Таяу Шығыста жүр немесе Еуропаға қайтып келген деген мәлімет бар.

Жиль Кершов, Еуроодақтың лаңкестікпен күрес жөніндегі үйлестірушісі:

– Қауіп-қатер тек сырттан ғана келеді деуге болмайды. Еуропаның өзінде радикалдық ағымдарға тез тартылуға дайын адамдар көп. Бельгияда атышулы Ирак пен Левант лаңкестік тобының жендеттерімен құрылған содырлар желісі бар. Олар арам ойларын іске асырудың сәтін күтіп жүрген болуы мүмкін.

Еурокомиссия қыркүйекте радикалдық ағымдар бойынша сарапшылар тобын құруды жоспарлап отыр. Олар өзге міндеттерден бөлек, әсіресе ғаламтордағы бақылау ісін де мықтап қолға алатын болады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы