384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германия үкіметінде дағдарыс орнауы мүмкін

  • 481
  • UPD: 14:00, 21.06.2018

Егер ІІМ мен канцлер келісімге келмесе, Германия үкіметінде дағдарыс орнайды.

Хорст Зеехофер Ангела Меркельге екі аптаның ішінде көші-қон саясатына қатысты түбегейлі өзгерістер енгізу туралы талап қойды. Егер ол орындалмаса, министр өзі шешім шығаратынын айтты.

Оған тағы да босқындар мәселесі себеп болып отыр. Ішкі істер министрі Хорст Зеехофер канцлерге қандай жағдай болса да, көші-қон саясатын өзгерту туралы қатаң талап қойды. ІІМ басшысы құжатсыз және Еуроодақтың қандай да бір еліне тіркелген босқындарға Германияға кіруге тыйым салуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, ол мигранттарға қолма-қол ақша беруге қарсылық танытып, орнына басқа жүйе енгізбекші. Сондай-ақ Зеехофер баспана берілмеген мигранттарды елден шығаруды тездетуді талап етті. Егер екі аптадан соң саясаткерлер босқындар мәселесі бойынша келісімге келмесе, құрылған коалицияның іргесі күйрейді.

Хорст Зеехофер, Германияның Ішкі істер министрі:

– Біз мигранттар жағдайын әлі де бақылай алмай отырмыз. Егер маусым айында еуропалық деңгейде ортақ нәтижеге қол жеткізсек, бұл жақсы көрсеткіш болмақ. Біз канцлерге табыс тілейміз. Олай болмаған жағдайда, өз ұстанымымызда қаламыз. Егер ортақ келісімге келмесек, босқындарға Германия шекарасына кіруге тыйым салуға құқылы болуымыз керек.

Қазіргі таңда Зеехофер көші-қон саясатын күшейту ісінде біраз жетістіктерге жетті. Атап айтсақ, баспана берілмеген босқындарды Германия аумағына кіргізбейтін болды. Сол аралықта Ангела Меркель заңсыз миграциядан зардап шегіп отырған мемлекеттермен келіссөз жүргізуді бастады.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Италия – босқындарды ең көп қабылдап жатқан елдердің бірі. Келіссөздерде біз Ливияда тұрақты үкіметті қалай орнатуды, жағалау күзетін жақсылап дайындауды, босқындарды баспанамен қамтып, оларға жағдай жасау үшін Ливия үкіметімен бірлесіп жұмыс істеу керектігін талқыладық. Ливия аумағында баспана беру үшін не істеу керектігін қарастырдық. Осы мәселелерді жақын уақыттарда талқылап, келіссөз барысында ынтымақтастық орнатамыз.

Ай соңында Ангела Меркель ЕО елдерінің жетекшілерімен бірге Брюссельде өтетін Еуроодақ саммитінде босқындар мәселесін сөз қылмақ. Сарапшылар атап өткендей, Германияны алдағы саяси дағдарыстан тек қана ортақ еуропалық шешім ғана құтқарады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы