412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франция мен Италияның арақатынасы неліктен суыды?

  • 1696
  • UPD: 21:11, 08.02.2019

Италиядағы билік басына «Бес жұлдыз қозғалысы» мен «Лига» партиясы өкілдері келгеннен бастап, Рим мен Париж арасындағы қатынас нашарлай түсті. Себебі бұл екі саяси күштің жетекшілері француз билігінің саясатына қатысты түрлі мәлімдеме жасады. Франция үкіметі әрине, италиялықтардың ішкі мәселеге араласуға еш  құқы жоқ деп талай ескертті. «Сары жейделілерді» қолдау өз алдына италиялық Премьер-министрдің орынбасары Луиджи ди Майоның осы қозғалыс өкілдерімен кездескеніне француз билігі шыдамады. Сондықтан Римдегі елшісімен шұғыл түрде кеңес өткізу үшін елге шақыртып алды. Себебін Францияның сыртқы істер министрлігі былай деп түсіндіреді.

«Италияның соңғы кезде ішкі мәселеге араласуы - арандатудың белгісі.  Бұл әрекеті одақтас елдің демократиялық таңдауына қарама-қайшы келеді. Азаматтардың демократиялық жолмен және ерікті түрде сайлаған үкіметіне сыйластықпен қарау ұстанымына сәйкес келмейді».

Италия көлік министрі Данило Тонинеллидің пікірінше, Ди Майоның сары жейделілермен кездесуі қалыпты жағдай. Француз үкіметінің бұған ренжитіндей еш себебі жоқ.  Ал еуропалық одақтастармен бірігіп алып, Франция үкіметінің Италияға қарсы саясат жүргізуіне Италиялықтардың ренжитін жөні бар. Жалпы, қос ел арасында шешілмеген мәселе көп. Италияның ішкі істер министрі Матео Сальвини оның бірнешеуін атап өтті. Біріншіден, Италия түрмесіне отыруы тиіс 15 содыр Францияда емін-еркін жүр. Француз үкіметі  оларды елге қайтаруға күш салуы тиіс. Сонымен бірге, Францияға поезбен баратын Италия азаматтарын француз жандармериясы негізсіз тексеретіні тағы бар.

Матео Сальвини, Италияның Ішкі істер жөніндегі министрі:

«Тағы бір жайт, Италияға қонақжайлық таныту бойынша кеңес бергіш Франция соңғы екі жылда Италиямен арадағы шекарадан  60 мың мигрантты кері қайтарды. Олардың арасында әйелдер, балалар бар. Осылайша шарасыз қалған мигранттарды түн ішінде орман кезуге мәжбүрлейді. Менің ойымша, бұл өркениетті мемлекетке жараспайтын жат қылық». 

Матео Сальвинидің бұл сөзі шындықтың бетін ашты. Шындап келгенде Дипломатиялық қатынасының нашарлауына мигранттар мәселесі түрткі болған. Былтыр Испанияда өткен кездесудіде Макрон «Италиялықтардың босқындарды қабылдау саясаты көңіл көншітпейді» деген еді. Срапшылардың пікірінше, миграция мәселесіне қатысты екі елдің ойы бір арнаға ешқашан тоғыспаған.

Натали Точи, Римдегі халықаралық істер жөніндегі орталықтың директоры:

«Италия мен Франция арасындағы саяси келіспеушілік бұған дейінгі әкімшілік кезінде туындаған. Атап айтқанда, иммиграция мәселесіне қатысты ойлары бір жерден шықпады. Алайда, жағдай  мұншалықты шиеленіспеген еді. Соңғы үш айда қатты ушығып кетті».

«Италиямен арадағы дипломатиялық дау Француз басшысы үшін тиімді» дейді Блумберг сарапшысы Лионель Лоурен. Оның пікірінше, Эммануэль Макрон жағдайды өзінің пайдасына шешуге тырысады. 

«Макрон Италиямен арадағы дауды өзінің бастамаларын қалпына келтіру мақсатында қолданып қалуға тырысады. Француз экономикасы тоқырап, «сары жейделілер» қозғалысы қоғамдық қолдауға ие болып, Марин Ле Пеннің партиясы Еуропалық сайлау науқанында көш бастап тұрған сәтте бұл өте маңызды. Мемлекет қазынасына 11 триллион еуро көлемінде қосымша кіріс түсіргісі келген Макрон үкіметінің беделіне нұқсан келді. Сол себепті Макронның қолданған шарасы Еуропалық Одақтың 2019 жылға белгілеген дефицит мөлшерінен асып кетуге әкеліп соқты. Бюджет дефициті италиялықтардың да ұрымтал тұсы».

 

Хабар 24 телеарнасы