447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мысырда туризмді дамытуға қомақты қаржы бөлінеді

  • 234
  • UPD: 12:15, 02.01.2020

Мысыр билігі туризм саласына қолдау көрсетуді көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі жылы елдің орталық банкі бұл салаға 3 миллиард доллар бөлетін болды. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда 10 есе артық. Қомақты қаражат қонақ үйлерді жаңғыртуға жұмсалады.

Үкімет жаңа жобаларды қаржыландырумен қатар ірі туроператорлардың 2011 жылдан бері алған несиелерін де өтеп беруді көздеп отыр. Ал берешек көлемі 100 миллион доллардан асып кеткен. Орталық банк өкілдері де ондаған жылдар бойы ел қазынасын толықтырып жүрген туризм саласын дағдарыстан алып шығуға мүдделі.

Мохамед Хосни, турфирма менеджері:

– Саланың дағдарысқа ұшырауына қаржыландырудың аздығы мен әлемдегі саяси жағдай себеп. Соңғы екі жылда туристер саны азайды. Ресеймен де қиындықтар болды, бұрын осы елдің тұрғындары шипажайларымызда демалушылардың басым бөлігін құрайтын. Соңғы рет біздің салаға ірі көлемдегі қаржы осыдан жеті жыл бұрын құйылған болатын. Тек биылдың өзінде Хургадада 18 мейманхана банкротқа ұшырады.

2010 жылдан бері бірқатар қонақүй шығынға ұшыраған. Дегенмен үкімет өткен жылдың табысты болғанын мәлімдеді. Бұл маусымда мейманханалардағы бөлмелер толымдылығы алғаш рет 90% жеткен.

Амр Аббас, Хургада қаласындағы қонақ үйлер желілерінің креативті директоры:

– Өткен жылдарда жіберген қателіктеріміз кәсібімізді қатты тұралатты. 2011 жылы жаңа жобалар үшін алған несиелеріміз кейін қиындық тудырды. Барлық қонақүй мен шипажайлар қарызға белшеден батты. Орталық банктің қолдауы бізге жаңа және ескі жобаларды дамытуға мүмкіндік береді деген үміттеміз.

2019 жылдың басында «бес тірек» деген атаумен туризм саласын дамытудың жаңа стратегиясы ұсынылды. Онда жаңа туристік бағыттарды дамытуға және жаңа нарықтарға шығуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, үкімет туристердің Мысыр елі туралы қалыптасқан пікірін өзгертіп, жағажайлар мен қонақ үйлерден бөлек тарихи туризмге де екпін жасамақ. Луксор ғибадатханасы мен пирамидалардың беделін қайта көтеріп, оларды халық ең көп баратын орындарға айналдыру жоспарда бар.

Авторлары: Светлана Брахмит, Гурам Чихлаж

Хабар 24 телеарнасы