386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шыңғыс ханның немересі Құбылай Жапонияны Дешті Қыпшақ әскерімен бірге жаулаған

  • 2670
  • UPD: 09:34, 06.04.2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жолға шыққан «Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясы Жапонияға жетті. XIII ғасырда Шыңғыс ханның немересі Құбылай Қытай мен Кореяны бағындырған соң Жапонияны жаулап алуға бекінгені тарихтан белгілі.

Сол кездегі жер қайысқан қалың қолдың алғы шебінде Дешті Қыпшақтан шыққан жау-жүрек жауынгерлер болған екен. «Бабалар ізімен» экспедициясы осы туралы тың деректер іздеуге кірісті.

1274 жылы Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан Күн шығыс еліне жорық ұйымдастырады. Бұл үшін жүз мыңнан астам әскер жұмылдырылып, олар арнайы кемелер арқылы қазіргі Оңтүстік Корея жақтан шығып, жапон елінің оңтүстігін бетке алады. Бұл әскери кампания әлемдік тарихта үлкен оқиға ретінде мойындалған.  «Бабалар ізімен» экспедициясы Жапонияда осыған қатысты тың деректерді іздестіруде.   

Саят Жөкен, тілші:

- Құбылай хан Қытай мен Кореяны бағындырған соң Жапонияны өзіне қаратуды көздейді. Ол Жапонияға құрамында 100 мың әскері бар өзінің флотилиясын аттандырады. Бірақ бұл әскери кампания сәтсіздікке ұшырайды. Себебі сол кезде атақты Камикадзе желі соғып, теңізде дауыл болады. Соның салдарынан моңғол әскерінің жорығы нәтижесіз болады. Бұдан соң екінші жорық та ұйымдастырылады. Бірақ ол да еш нәтиже бермейді. Міне біз осы тарихи оқиға туралы ақпарат беруді көздейміз.

Орта ғасырдағы Моңғол империясының әскери аристократиясын негізінен Дешті Қыпшақтан шыққан қолбасылар құраған дейді тарихшылар. Себебі жауынгер халықтың соғыса білу машығы өте күшті болған. 

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» тарихи-ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Жапон елі әуелден жабық ел болды. Сыртқа өздері көп шыға қойған жоқ. Ішке ешкімді кіргізген жоқ. Олар негізінен Қытай, Корея және Оңтүстік Азия елдерімен байланыста болған. Бірінші сондай соғыс жағдайында шабуыл жасаған бұл моңғолдар, Юань династиясы болды. Юаньши деген қытайлардың қолжазбаларында жазылған, моңғолдардың армиясының басқарушылары моңғолдар болды. Одан кейін біздің бабалар болды. Мысалы, Тутук дейді, Байтемір. Олар өте жоғары деңгейге дейін жетеді. Императордың оң қолы дәрежесіне дейін жетеді.

«Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері Токиода жапониялық ғалымдармен кездесіп, мәлімет алмасты. Күн шығыс елінің тарихшылары екі елдің өткеніндегі ортақ тұстарды бірлесіп зерттеу керектігін айтуда.

Йоккаичи Ясухиро, Риккио университеті Тарих бөлімінің профессоры:

- Құбылай ханның жорығына қатысты тың деректерді зерттеп жатырмыз. Былтыр біз жаңа мәліметтерді таптық. Теңіздегі дауылдан кейін 100 мыңдық моңғол әскерінің 30 мыңы Жапонның бір аралына келіп бекінген екен. Олар туралы бұған дейін дерек жоқ болатын. Бұрынғы тұжырымға қарамастан қазір олардың ішінен аман қалғандар да болған деген болжам бар. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек.  Қазақстан мен Жапония арасындағы тарихи–мәдени байланыстарды күшейту қажет деген ойдамын. 

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы алдағы күндері Құбылай ханның Жапонияға әскери жорығын хронологиялық және оқиғалық жағынан толықтай қайта жаңғыртпақ ойда. Бұл үшін экспедиция мүшелері тарихи шайқастар өткен орындар мен моңғол әскерінің жүріп өткен жолымен сапар шекпек ойда.

Авторлары: Саят Жөкенұлы, Қуаныш Қожабеков және Арман Данышбаев

Хабар 24 телеарнасы