426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ШҚО-ға барды

  • 239
  • UPD: 22:32, 29.08.2020

Делегация алдымен Семейдегі Абай ескерткішіне гүл қойып, қайта жаңғырып жатқан нысандарды аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хакімнің атын иеленген алаң, музей және театрда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ақынның туған жерінде де игі өзгерістер көп. Құнанбай қажыға тұңғыш рет музей ашылып, Абай бұлағының маңайы абаттандырылды.

Семейдегі Абай алаңы мүлдем жаңа кейіпке енген. Ұлы ойшылдың ескерткіші маңында жол жиектері жөнделіп, халыққа демалыс орындары жасалды. Балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық нысандар бой көтерді. Абай театры мен музейінде де іргелі жұмыстар қолға алынған. Басты мақсат – Абай мұраларын жаңа сипатта насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы, Абай тойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы:

– Президенттің бастамасымен Абайдың шығармалары дүние жүзінің ең өркениетті 10 тіліне аударылды. Нұрсұлтан қаласында Абай Академиясы ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл барлық зерттеуді біржүйелендіруге мүмкіндік береді деген сөз. Сонымен бірге Абайдың ізденістерін насихаттау мақсатында жаңа пәндер оқулықтар еніп жатыр.

Ойшыл ақының кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ елді мекенінде бұрын қараусыз жатқан Абай бұлағы ерекше абаттандырылды. Мұнда келгендер мөлдір бұлақтан су ішіп қана қоймай, ақын мұрасымен таныса алады.

Пандемия да уақытша нәрсе, өтер, кетер. Ең бастысы еңсені тік, рухты биік ұстау керек. Биылғы Абай тойы осыны ұқтырғандай. Қазір қазақтың бас ақынының дүниеге келген мекені мен өсіп-өнген жерлерінде ауқымды жобалар жүзеге асып, ертеңгі туристік кластерді дамытуға жол ашып отыр.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Абайдың тойы пандемияға байланысты дүбірлеп өтпесе де оның музейі, мұралары жаңа сапада бүгінгі заманға лайықты деңгейде қайтадан жасақталған екен, жасалған екен. Жаңа мүсіндер орнатылып, жаңа экспонаттар пайда болыпты, жаңа ғимараттар салыныпты, соның бәрін көріп көзіміз тойып, риза болып отырған жағдайымыз бар.

Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген мекен де мәдени кешенге айналып, Абайдың әкесіне арнайы музей ашылды. Мұнда да көрермен назарына бұрын беймәлім болып келген құнды деректер мен тарихи жәдігерлер қойылған.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы, Абай тойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы:

– Біз ЮНЕСКО-мен және басқа да халықаралық туристік ұйымдармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сондықтан бұл Абайдың, Шәкәрімнің, Әуезовке байланысты нысандар бәрі сол туристік картаға кіреді. Ол біздің қазақ халқының мәдениетін, тарихын насихаттайтын бірден бір орталық болады еп ойлаймын. Мысалы, жастар үйленіп жатқан кезде оларға демалысқа жолдама алып беріп жатады. Осындай Абайға, Қорқытқа, Қожа Ахмет Яссауиге, Мәшһүр Жүсіптің бастарына келіп, рухани байлығымыз бар жерлерді көрсе, ұлттық мәдениетімізді одан әрі насихаттауға мүмкіндік алады деп ойлаймын.

Аудан орталығы Қарауылда да тұрғындар қуанатын дүние көп. Жаңадан салынған Абай атындағы 300 орындық мектеп-лицей заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал жалпы аумағы 15 гектар болатын саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы