384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсу қант зауыты желтоқсанда ашылады

  • 795
  • UPD: 08:26, 23.04.2017

Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты желтоқсан айында жұмыс істей бастайды.

Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі аталған кәсіпорынды жаңғыртуға 15 млрд теңге көлемінде инвестиция құюға дайын. Күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекет тарапынан 2 млрд теңге бөлінеді. Зауытты қалпына келтіру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ақсу қант зауытында биылдың өзінде 100 мың тоннадан астам қызылша өңделеді деп жоспарланып отыр. 

Ақсу қант зауыты осыдан 10 жыл бұрын тоқтап қалған еді. 40 мыңнан астам халқы бар Ақсу ауданының тұрғындары аталған кәсіпорын жабылған соң қызылшадан қол үзіп, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болды. Зауытқа жаңа инвестордың келуі жергілікті шаруалар үшін өте үлкен қуаныш. Ақсулық Берік Тынышбаев өткен жылы 15 гектар жерге тәтті түбір ексе, биыл қызылша алқабын екі есе ұлғайтпақшы.

Берік Тынышбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Биылғы жылы 2 есеге жеткіземіз деген ойымыз бар. Технологияның барлығын қолданамыз. Гербицидпен жұмыс жасап жатырмыз. Барлық берілген субсидияны уақытында алдық. Мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да алдық. Алған субсидиямның көлемі – 3,5 млн теңге.

Бұл шаруашылық өткен жылы қызылшаның әр гектарынан 700 центнерден өнім алды. Оған жаңа технологиялар мен қожалық жанынан сервистік дайындау орталығының ашылуы оң ықпал етті. Орталықтағы техникалар көктемгі далалық жұмыстар мен жиын-терін науқаны кезінде өңірдегі өзге де шаруаларға көмек көрсетеді. 

Серікжан Бескемпіров, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

- Алдағы жылы 11 мың гектар жерге қызылша ексек, өздеріңіз есептей беріңіздер, егіс алқаптарының өзінде 11 мың адам еңбек ететін болады. Оған қосымша жұмыс күші мен зауытқа келетін адамдарды қоссақ, барлығы 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілгелі отыр.

Зауытта күрделі жөндеу басталып кетті. Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңіне 8 млрд теңге қаралған. Кәсіпорының кейбір желілері толығымен ауыстырылып, заманауи қондырғылар орнатылады. 

Сәкен Мұратов, инвестор:

- Күрделі жөндеудің алғашқы кезеңінде жоспарланған жұмыстың 20%-ы атқарылады. Ақсу зауытын 1 желтоқсанда іске қосамыз. Ағымдағы жылы мұнда 100 мың тонна қызылша өңделеді.

Ақсу қант зауытының іске қосылуы арқылы егіс алқаптары мен атқарылатын жұмыстың ауқымы да әжептәуір ұлғая түспек. Алматы облысының шаруалары биыл 300 мың тонна қызылша жинаймыз деп отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы