378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдық 7 мыңнан астам оқушы жазғы демалыстарын сауықтыру лагерьлерінде өткізеді

  • 761
  • UPD: 13:53, 21.07.2017

Жамбыл облысының 1-10 сынып аралығында оқитын 200 мыңға жуық оқушысы жазғы демалысын текке өткізбейді, түрлі іс-шараларға тартылады.

Жалпы балаларды сауықтыру, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру 2 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге мектеп жанынан ұйымдастырылған лагерьлердің жұмысы аяқталып, қала сыртындағы демалыс орындарында жұмыс қызып тұр.

Жазғы демалыс басталысымен оқушылар сауықтыру лагерьлеріне асығады. Мұнда олар бос уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізеді. Бір үйдің баласындай бір-біріне бауыр басып, түрлі мәдени шараларға қатысады.

Сырым Мауиев, оқушы:

- Менің лагерьге келгеніме 4 жыл болды. 4 жылдың ішінде ұзақ демалып, жақсы тәрбиешілерді, тәлімгерлерді кездестірдік. Конкурстар болғанда бірге қатысамыз.

Гүлбаршын Койшыбаева, оқушы:

- Бос уақытымыз болмайды. Күнде әр түрлі концерттер болады. Соған дайындықтар болады. Жамбыл облысының әр аудандарынан балалар келеді. Солармен дос болуға бірінші күнінде әрине қиын болады. Екі-үш күн өткеннен кейін дос бола бастаймыз. Осы жазғы сәттерімдегі ең қызықты деп ойлаймын.

Жалпы өңірде 10 сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр. Онда биыл 7 мыңнан астам бала демалады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 4121 жеткіншек қамтылып отыр. Бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған, балалар үйінің тәрбиленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар тартылады.

Ақсәуле Кәрімбекова, аға тәлімгер:

- Бірінші маусымнан бүгінгі таңға дейін біздің лагерь аумағында 780 демалушы демалды. Оның дені – Сарысу, Жуалы, Байзақ аудандарынан, сонымен қатар Тараз қаласында орналасқан Сарымолдаев балалар үйінің тәрбиеленушілері. Бүгінгі күні бесінші ауысым жүріп жатыр.

Тасболат Төлегенов, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- 2017 жылы жергілікті бюджеттен 315 млн 208 мың қаражат қарастырылған. Бүгінгі күнге осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші бағыт бойынша 173 638 бала қамту жоспарланған. Екінші бағыт бойынша – 117 968 оқушы.

Демалыс орындары тамыз айының соңына дейін жұмыс істейді. Одан бөлек аймақтан 6 мыңнан астам бала халықаралық EXPO көрмесін тамашалауға барады. Оған жергілікті бюджеттен 242 млн теңгедей қаражат қарастырылған.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы