384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордадан шыққан жас ғалым әлемді мойындатты

  • 3251
  • UPD: 11:46, 27.01.2018

Қазақтың жас ғалымы Нұрғали Ақылбеков бактерияларға қарсы 10 есе биологиялық белсенділік көрсететін препарат ойлап тапты.

Оның бұл өнертабысы Ресейде патенттеліп, халықаралық дәрежеде мойындалып отыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі бүгінде Татарстандағы Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің аспиранты ретінде ғылыми ізденісін жалғастырып жүр.

Заманауи физикалық-химиялық талдау қондырғыларын еркін меңгерген Нұрғали Ақылбеков аз уақыттың ішінде ғылымға зор үлес қоса білді. Ол бұған дейін Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырағын биопрепараттар арқылы тазарту технологиясын әзірлеген болатын. Енді медициналық химияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып отыр.

Нұрғали Ақылбеков, Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің аспиранты: /Татарстан/

Биологиялық зерттеу нәтижесі бойынша біздің заттарымыз бактерияға қарсы әсер ететін ең жоғарғы қасиет көрсетті. Және де сол жұмыс нәтижесінде біз Ресей Федерациясының өнертабыстық бір патентін былтыр 2017 жылы алдық.

Жас ғалымның ғылыми жаңалығы халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Оның еңбектері еуропалық басылымдарда бірнеше рет жарық көрді. Ал өткен жылы Италияның Милано Мариттима қаласында өткен жас химиктер симпозиумында баяндама жасады.

Александр Бурилов, химия ғылымдарының докторы:

– Мен Нұрболды тәрбиелеген Қызылордадағы ұстаздарына алғыс білдіргім келеді. Осындай дарынды жастың ғылымға келуіне себепкер болған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің инженерлік зертхана жетекшісі Нұрбол Аппазов болатын. Қазір менің жетекшілігіммен өзінің ғылымдағы ізденісін жалғастыруда. Жалпы аспирантураның 3-курсында жүріп, әлемдік конференцияларға шақырту алу бұрын-соңды біздің институтта болмаған жетістік.

Нұрбол өткен жылы Қазақстанның мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын иеленді. Жаңақорғанның Қожамберді ауылында туып, әлемді мойындатқан талапты жастың алға қойған мақсаттары да айқын. Ресейдегі оқуын аяқтағаннан кейін, туған жерге оралып, ғылым жолындағы ізденісін жалғастырмақ. Ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеуді де жоспарлап жүр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы