378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғалымдар: 2025 жылға қарай аутизммен әлемдегі әрбір екінші адам ауыруы мүмкін

  • 1161
  • UPD: 09:35, 02.04.2018

Бүгін, 2 сәуір – бүкіл әлемде аутизм жайлы ақпарат тарату күні.

Ал елімізде бұл дертке шалдыққандар саны азаяр емес. Астанадағы бір ғана орталықтың өзінде 2015 жылы 443 бала тіркеуге алынса, қазір бұл көрсеткіш мың жарымға жуықтады. Сондай-ақ мұндай диагнозы бар балғындармен жұмыс істейтін мамандар тапшы.

Өкінішке қарай, бұл тек Қазақстанды ғана емес, жаһанды алаңдатқан проблемаға айналды. Елімізде аутизммен ауыратындардың нақты есебі жоқ. Себебі медицинада ол тек психикалық даму ауытқушылығы ретінде көрсетіледі. Атап өтейік, аутизм балаларда ақыл-естің кеш жетілуі, сөйлеуінің кешеуілдеуі түрінде көрініс береді. Ал бізде көбіне бұл жағдайда «баланың еркелігі, әлі-ақ сөйлеп, ашылып кетеді» деп мән бермеу басым. Алайда өкініштісі сол, аутизм асқынған жағдайда бала қатарынан қалып қойғанынан бөлек көптеген дене және сезім мүшелері жетілмей қалуы әбден мүмкін. Мысал келтірсек, мінекей. Бұл – Ілияс деген балақай. Сегіз айында ана, әке деп былдырлап жүрген ол бір жарым жасында сөйлеуден қалды. Бірақ дәрігер анасын «Ұл баланың тілі кеш шығады. Алаңдамаңыз» деп кері қайтарады. Алайда екі жылдан соң ресейлік ақ халаттылар Ілиясқа аутист диагнозын қойған.

Айсұлу Мажен, Ильястың анасы:

– Статистиканы алатын болсақ, балаға бірінші екі жасына дейін, екі жастан бастап көмек көрсетілсе, олар жеті жаста мектепке бара алады. Мүмкін сөйлеп те кетеді. Негізгі проблема олар балалармен ойнай алмайды. Олар үлкен адамдармен отырып, бір сабақ жасай алмайды. Коммуникативті проблемалар негізінен. Сондықтан қазіргі кезде ең басты мәселе Қазақстанда ол кішкентай кезінен бастап балаларды нақты байқамау.

Маржан Ержанова, балаларды дамыту орталығының маманы:

Аутизм ол емделмейді. Оны түзету керек. Жалпы бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бойынша әлемде әрбір жетпісінші бала аутист болып табылады. Және ол жыл сайын өсіп келеді дейді мамандар.

Сөзіне тұздық. Осыдан 4 жыл бұрын елордада аутистермен жұмыс істейтін екі-ақ орталық болса, оның саны қазір жиырмаға жуықтады. Бірақ көбі ақылы. Ақшасын төлесеңіз, мамандар балаңызды қоршаған ортаға бейімдеп, сөйлетуге тырысады. Жомарт жандар қаржыландырып отырған тегін орталықтар да бар. Олар Астана, Алматы, Қызылорда, Өскемен қалаларында орналасқан. Бұл жерде ем қабылдау үшін арнайы кезекке тұру қажет. Мәселен, бес жастағы Арланның бас қаладағы орталықққа келіп жүргеніне үш апта болды. Тиісті ем-домның нәтижесінде бүлдіршін бүгінде айналасына назар аударып, айтқанды орындап отыр.

Шолпан Айтпаева, Арланның анасы:

Бір айдың ішінде бала тәртіпке үйренді, біріншіден. Өзінің ойын түсіндіретін болды. Көрсетеді бармағымен. Бұрын отырғыза алмайтын едік. Қазір отырады партада. Бұрын ондай болмайтын. Құр айқайлап, өзіне зиян тигізіп жүретін. Қазір түзеліп келеді.

Қазір мына орталықта дүниеге келгеннен бастап 15 жасқа дейінгі аутизмі бар балалар және олардың ата-аналары кәсіби мамандардың кеңесін тыңдап, 3 ай бойы сапалы әрі ақысыз көмек алады. Мамандары да шетелдік тәжірибені үйреніп, «Джаспер» әдістемесін меңгерген.

Мәдина Халықберген, аутизмі бар балаларға арналған орталықтың клиникалық педагогы:

– Жалпы бұл әдістеменің атауына келетін болсақ. Ағылшын тіліндегі қысқартылған сөз. Әдістеме баланың сөйлеу тілі мен қатар әлеуметтік дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Бұл әдістеме осыдан 15 жыл бұрын Америкада пайда болған. Қазір ол өзінің нәтижесі дәлелденген. Балаларда айтарлықтай нәтиже байқалады. Атап айтқанда, сөйлемейтін балалар сөйлеп, басқа балалармен бірге ойнау дағдылары қалыптасты.

Динара Жексенбаева, аутизмі бар балаларға арналған орталықтың клиникалық педагогы:

– Біздің орталықта интервенциядан өткен бірнеше бала бүгінгі таңда жалпы білім беретін балабақшаларға барып жүр. Сонымен қатар инклюзивті сыныптарда білім алып жатыр.

Демек үміт бар. Аутизмнен құлан таза айықпаса да, балалар сөйлеп, айналасындағылармен араласа алады. Ол үшін тиісті ем-дом қабылдау қажет. Аталған диагнозға атүсті қарамаңыз. Себебі ғалымдардың пайымдауынша, 2025 жылға қарай аутизммен әлемдегі әрбір екінші адам ауыруы мүмкін.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы