386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мақтааралдық ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетілді

  • 423
  • UPD: 20:00, 07.05.2018
Мақтааралдық ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан Ұлы Отан соғысына 32 мыңнан астам жауынгер аттанды.

Соның тек 4 мыңға жуығы елге оралған. Майдан даласында ерлік көрсеткен 14 азамат «Ұлы Отан соғысының батыры» атағын алған. Батыр бабаларының ерлігін ұлықтаған аудан тұрғындары Жеңіс алаңына жиылып, «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кеудесін оқ пен отқа тосқан ардагерлеріміздің ерлігіне тағзым еткен аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев халықты мерекемен арнайы құттықтады. Елдің ішкі тыныштығы мен шекарасын күзетіп жүрген бірнеше азаматты салтанатты түрде марапаттады. Мақтараалда бүгінгі таңда көзі тірі 6 соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі – Сәтмұрат Күзжанов. Жасы 93-ке келген қария әлі де ширақ. Сәтмұрат ақсақал соғыс жылдарында Беларусь майданына қатысқан. Сосын Украинаны жаудан азат етуде қиян-кескі ұрыста сыналды. «Ал Жеңіс тойын Венгрияның астанасы Будапеште қарсы алдық», – дейді қарт майдангер.

Сәтмұрат Күзжанов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Эшалонмен тұтқынға түскен немістерді алып келдік. Бір жағын Өзбекстанға, бір жағын Тәжікстанға, сосын Қазақстан жеріне. 1945 жыл болатын. Көп нәрсені көрдік. Құдай сендерге тыныштық берсін. Еліміз тыныш, бастысы, халқымыз аман болсын!

Хабар 24 телеарнасы