383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Азия медиа диалогы» барысында телерадиохабар тарату мәселелері талқыланады

  • 584
  • UPD: 23:14, 09.07.2018

Еуропа мен Азияның медиа басшылары Астанада бас қосады. Тәжірибе алмасып, саланы дамыту бойынша ой бөліседі.

Азиядағы радионың бүгіні мен ертеңі, медиа саласындағы ортақ мәселелер «Азия медиа диалогы» атты халықаралық шара барысында талқыланбақ. Мұндай сұхбаттың отандық БАҚ үшін берері не? Шараның маңызы қандай?

Салиқалы диалог – өркениеттің  озық үлгісі. Ақылдаса отырып әрекет етіп, көші ілгері басқандардың тәжірбиесін игергендер ұтылмайтынын уақыт дәлелдеді. Осы тұрғыдан Қазақстан көпке үлгі. Елордамыз талай диалог алаңына айналып жүр. Енді осы жолы медиа саласының үздіктері қазақ жерінде бас қосып, заманауи телерадиоиндустриясының қарқынын сөз етпек.

Еуропа мен Азияның 40 елінен келген 150-ге жуық сарапшы аудиторияны зерттеу, радио форматын қалыптастыру, озық тәжірбиелерді ескеріп, телерадиохабар тарату саласын заманға лайық дамыту мәселелерін талқыламақ.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі:

- Форумға Азия және Тыңық мұхиты елдерінің ұлттық хабар тарату бірлестіктерінің 100-ден аса өкілі қатысады. Сонымен қатар Қазақстандық медиа менеджерлер мен журналистердің осы іс шараны ауқымды түрде насихаттауға атсалысады деген үміттеміз. Телевизия мен радио жоғары технология бойынша әрдайым дамуы керек екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Қазақстандық БАҚ та бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің ұйымдастырумен өтетін шараға Азия және Тынық мұхиты хабар тарату одағы мұрындық болды. Бұл ең ірі де ықпалды халықаралық медиаұйым саналады. Оған АзияТынық мұхит өңірінің 69 елінен 292 жетекші телерадио хабарларын таратушы компания мүше. Бұл тізімде «Хабар» агенттігі де бар. Мұндай салалық шара серіктестікті бекем етеді екен.

Джовад Моттаги, Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағының бас хатшысы:

- Біз Қазақстанмен өте жақсы серіктестік қалыптастыра білдік. Ал Азия медиа диалог аясында өтетін 3 ауқымды шара бұл серіктестікті нақтылай түседі. Атап өтсек, Азиядағы радиолардың мәселелеріне арналған конференция, екіншісі ән фестивалі және үшінші Азия мен Еуропа медиасының ортақ мәселелерін талқылауды көздейтін Медиа-2020 конференциясы болмақ.

Бүгінгі таңда елімізде 200-ге жуық теле-, радио арна бар. Цифрлы хабар тарату ісі де кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Сондықтан бұл шара отандық БАҚ өкілдері үшін әлемдік тәжірбиені алысқа бармай ақ үйренуге мүмкіндік бермек.

Авторлары: Мәншүк Мақсұтқызы, Ербол Дайыров, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы