370,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде бала жүрегінің қалқаншасына алғаш рет операция жасалды

  • 386
  • UPD: 20:19, 13.07.2018

Отандық хирургтер мұндай күрделі істі бұрын-соңды атқарып көрмеген.

5 жасар балдырғанды емдеген Астанадағы ұлттық ғылыми медицина орталығының мамандары операцияны сәтті аяқтады. Енді дәрігерлер бұл әдісті кеңінен қолданамыз деп отыр.

Жүрегі сыр беріп, тыныс алуы қиындаған Бибіфатиманың қазір жүзі жадыраңқы. Қиын сәтте немересінің жанынан табылып, тілеуін тілеген әжесінің де көңілі тыныш. Бұл – осыдан бірер күн бұрын жасалған күрделі операцияның жемісі. Негізі мұндай ем-дом елімізде 2 жылдан бері қолданылып келеді. Бірақ 5 жастағы балдырғанға жасалған емес.

Гүлнәр Қарманова, бүлдіршіннің әжесі:

- Біз кішкентай кезінде білмедік. Қызылордада диагностикаға көрініп жүрдік. Маусым айында Қызылорда облысының кардиологтары келіп тексерген. Квота беріп, барып тезірек емделу керек екендігін айтты. Сонымен жылдам келдік.

Әзірге сәбилердің жүрек қалқаншасына операцияны орталықтың 2 дәрігері ғана жасай біледі. Олар жыл басынан бері 20-дан астам баланы осындай әдіспен емдеп шықты. Сондай тәжірибелі маманның бірі – Шухрат Марасулов. 20 жылдан астам еңбек өтілі бар маман талай жанға өмір сыйлады.

Шухрат Марасулов, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың бөлімше жетекшісі:

- Негізінен мұндай операциялар елімізде ересектердің жүрек қалқаншасына жасалады. Біз бұл әдісті осыдан 2 жыл бұрын үйреніп, балаларға қолдандық. Енді, міне, кішкентай балдырғандарды да емдеп жатырмыз. Тәжірибеміз көңілімізден шықты.

Дәрігердің айтуынша, ересек адамға операция жасаған кезде жасанды жүрек қалқаншасын қоюға мүмкіндік бар. Ал балаға арналған қалқанша ешбір елде шығарылмайды. Сондықтан мұндай операцияны екінің бірі жасай бермейді. Айтпақшы, мамандар бұл әдісті литвалық әріптестерінен үйренген. Енді бар білгенін қарамағындағы қызметкерлеріне көрсетіп жүр. Әзірге сәтсіз өткен операция болмапты. Бастысы, енді шетел асудың қажеті жоқ. Өйткені елімізде квота арқылы тегін жасатуға мүмкіндік бар. Ал сыртта оның құны 20 мың доллардан асады.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ербол Дайыров

Осы категория бойынша: « Елімізде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 15 пайызға артқан Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізілді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы